Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тарихи алтын медаль жеңіп алды: Қазақстан құрамасы боччадан Әлем кубогінде топ жарды

13:00, 10 қараша 2026

Қазақстан құрамасы боччадан Әлем кубогінде тарихи алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Alash.kz.

Қазақстан ұлттық құрамасы Бразилияның Сан-Паулу қаласында өтіп жатқан боччадан Әлем кубогінде сәтті өнер көрсетіп жатыр. Байрақты бәсекеге 24 елдің үздік спортшылары қатысуда.

Қазақстан намысын халықаралық аренада үш паралимпиадашы қорғауда. Олар: Қуаныш Асқарбеков (BC1 санаты, Талдықорған, Жетісу облысы), Итиана Шыңғысханова (BC2 санаты, Астана қаласы) және Азамат Аманша (BC2 санаты, Ақтау, Маңғыстау облысы).

ҚР Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, жекелей сайыстардың қорытындысы бойынша Қуаныш Асқарбеков алтын медаль иеленсе, Итиана Шыңғысханова күміс жүлдегер атанды. Бұл жетістіктер еліміздің параспорт саласындағы айтулы жеңістерінің бірі болып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайта түсті.

Қазіргі уақытта ұлттық құрама командалық сайыстардағы жарысты жалғастырып жатыр. Қазақстандық спортшылар тағы сегіз елдің өкілдерімен жүлделі орындар үшін бақ сынауда. Құраманың елге оралуы 13 қарашаға жоспарланған.

Қазақстанда паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және паралимпиадалық емес спорт түрлерін қоса алғанда, спорттың 35 түрі дамып келеді. Ерекше қажеттілігі бар жандардың спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында 2025 жылы заңнамаға I топтағы мүгедектігі бар спортшыларды сүйемелдейтін адамдардың мәртебесін бекіту және олардың халықаралық жарыстарға қатысуына қаржылай қолдау көрсету туралы нормалар енгізілді.

Ал 2026 жылы спорттың өзіне лайық түрін таңдап, жаттықтырушымен байланысуға мүмкіндік беретін @parasport_kz_bot Telegram-боты іске қосылды.

Ұлттық құраманың Әлем кубогіндегі табысты өнер көрсетуі — Қазақстандағы бочча спортының әлеуеті артып келе жатқанының айқын көрінісі. Спортшыларымыздың жеңісі жаңа белестерді бағындыруға жігер беріп, елімізде параспорттың одан әрі дамуына серпін береді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар