Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Түркияның Стамбул қаласында отандасымыздың қаза тапқаны туралы ақпаратты ресми түрде растап, мәселе өкілетті тараптың жіті бақылауында тұрғанын хабарлады, деп жазады Alash.kz.
Оқиғаның мән-жайы мен ресми ұстанымға қатысты Сыртқы істер ведомствосының өкілдері былай деп мәлімдеді:
«Түркияның құзыретті органдары тергеу жүргізуде, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр».
Қазіргі уақытта отандық дипломаттар марқұмның туған-туыстарымен тығыз байланыс орнатып, оларға қажетті барлық консулдық-құқықтық көмекті көрсетуде.
Бұған дейін түріктің DHA агенттігі таратқан деректерге сүйенсек, қаралы оқиға 25 қазанда таңертең Стамбулдың Шишли ауданында орын алған. Қаза тапқан азаматтың 26 жастағы Айсұлу Бекмаханова екені белгілі болды. Жергілікті БАҚ өкілдері отандасымыздың Түркияға қыркүйек айында туристік визамен келгенін алға тартады.
Алдын ала ұсынылған нұсқа бойынша, бойжеткен алтыншы қабаттағы пәтердің балконынан көрші ғимараттың шатырына өткен. Онда жүріп қалқаны (тент) басқан сәтте құрылым шыдамай, ол төменге құлап кеткен. Оқиға орнына жедел жеткен медицина қызметкерлері оның алған жарақаттарынан көз жұмғанын тіркеді. Қазіргі таңда бойжеткеннің өліміне қатысты тергеу амалдары жалғасып жатыр.