Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Тоқаев Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді

16:46, 24 қазан 2024 793

Мемлекет басшысы Таяу Шығыстағы ахуалдың ушығуына алаңдаушылық білдірді, деп жазады Alash.KZ.

– Біздің ойымызша, қақтығыстың кедейшілік, теңсіздік пен білімсіздік сияқты түп себептерін бірлесіп жою халықаралық саяси ықпалдастықты нығайтудың негізгі факторы болып қала береді. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін реформалауды және оның құрамын Африка, Латын Америкасы, Азия елдерінің жаңа мүшелері есебінен кеңейтуді қуаттайды, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев бейбітшілік және қауіпсіздік мәселелерін шешуде Жаһандық Оңтүстік елдерінің үні салмақты шығуға тиіс деп мәлімдеді. Оның айтуынша, БРИКС жаһандық басқару құрылымында орта державалар мен дамушы экономикалардың үлесін арттырып, бұл үдерісте негізгі рөл атқара алады.

Мемлекет басшысы Қазақстанның БРИКС-ке мүше елдермен сауда-саттық айналымы қарқынды өсіп келе жатқанын атап өтті. Бұл көрсеткіш былтыр еліміздің сыртқы сауда көлемінің жартысына жетті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, сауда және инвестиция, ІТ-технология, аса маңызды минералдар, азық-түлік қауіпсіздігі, білім және туризм салалары өзара тиімді серіктестіктің перспективті бағыттары саналады.

Президент өз сөзінде көлік-транзит саласындағы, ең алдымен, «Бір белдеу, бір жол», «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізі және Транскаспий халықаралық көлік бағыты бастамалары аясындағы өзара ықпалдастықты нығайту мәселесіне баса мән берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев энергетикалық қауіпсіздікті нығайту, сондай-ақ су тапшылығы, ауа температурасының күрт көтерілуі және шөлейттену секілді климат өзгерістерінің салдарын еңсеру үшін «БРИКС плюс» аясында сенімді серіктестік қатынастар қалыптастыру қажет екенін атап өтті.

Президент сөзін қорытындылай келе, «БРИКС плюс» форматындағы бірлескен әрекеттер Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы өзара байланысты едәуір нығайтып, мемлекеттер дамуындағы алшақтықты жоюға, халықаралық қауіпсіздікті айтарлықтай күшейтуге және жаһандық прогресс үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретінін айтты.

Саммитке 36 елдің өкілдері және 6 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысты, сондай-ақ жоғары деңгейдегі 20-ға жуық делегация келген.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?