Түркістан облысы, Алғабас ауылында 12 адамның өмірін жалмаған өрт электр ұзартқышының істен шығуынан болғаны анықталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Төтенше жағдайлар министрлігінің өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев бейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында оқиғаның нақты себебін жария етті.
“Қажетті сараптамалар тағайындалды, соның ішінде электротехникалық және өрт-техникалық сараптамалар. Оқиға орнында төтенше жағдай министрлгінің сынақ өрт зертханасы жұмыс істеді. Алдын ала мәліметтер бойынша, өрттің шығу себебі — істен шыққан электр ұзартқышы болған. Дегенмен барлық сараптамалардың қорытындысын күтіп, олардың нәтижесі бойынша тиісті құқықтық баға беріледі”, — деді комитет төрағасы.
Жауапты тұлға айтуынша, өрт қауіпсіздігі үшін арнайы датчиктер бар. Кейбірі тек түтінге сезімтал болса, ал басқалары көміртек тотығы газына да сигнал береді. Биыл осы типтегі 13 датчик іске қосылып, 36 адамның өмірін сақтап қалды. Ерлан Төрегелдиев қазақстандықтарды, әсіресе пешпен немесе газ жабдықтарымен жылытылады үйлерде тұратындарды, осындай қауіпсіздік құралдарын орнатуға шақырды.
“Ережелерге сәйкес, жеке тұрғын үйлердің иелері үйлерін автономды оптика-электрондық түтін өрт дабыл құрылғыларымен жабдықтауға міндетті. Бұл датчик маркетплейстерде 2,5 мың теңге тұрады. Негізінен, бұл адам өмірінің құны. Ең қарапайым құрылғы кез келген өрттің алдын алады. Көміртек тотығы газына арналған датчик үш батареямен жұмыс істейді. Көміртек тотығы газының қауіпті шоғырлануы пайда болғанда, ол дабыл қағады. Дабылдың дыбысы қатты, тіпті терең ұйқыда жатқан адамды оятады”, – деді ол.