Миннесота штатында ата-ана төрт баласын түнде торға қамап ұстап, оларға қарамағаны үшін түрмеге тоғытылды, деп хабарлайды Alash.kz.
42 жастағы Бенджамин Тейлор Коттон мен 40 жастағы Кристина Энн Коттон жұма күні қыркүйек айында балаларға қатыгездік көрсетуге байланысты айыптарын мойындағаннан кейін, төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Бұл жұп 2023 жылдың маусым айында екі рет балаларға қатыгездік көрсету, жеті рет балаларды қараусыз қалдыру немесе олардың өміріне қауіп төндіру және жеті рет қасақана жаза беру баптары бойынша айыпталған, деп жазады WXOW.
Бұл айыптаулар Гудхью округінің денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтер департаментіне 2022 жылдың 17 тамызында келіп түскен хабарламаның негізінде тағылды.
Хабарласушы төрт кішкентай баланың жағдайына алаңдап, олардың бірі жатын бөлмеде ағаш торға қамалғанын және дәретханаға баруға рұқсат берілмегенін мәлімдеді.
Сонымен қатар, барлық балаларды жабысқақ таспамен байлап, шкафтарда қалдырып және тамақтан айырғанын хабарлады, деп жазады Republican Eagle газеті.
Келесі күні таңертең Ред-Уинг полиция қызметкері мен әлеуметтік қызметкер Коттондардың үйіне барып, жағдайды тексеру жүргізді.
Кристина оларды үйге кіргізді, бірақ балаларды торда ұстайды деген шағымды естігенде ашуланып, балаларды “өздерінің қауіпсіздігі үшін” жапқанын айтты.
Осы сәтте офицер мен әлеуметтік қызметкер балалардың қайда екенін сұрап, олардың жағдайын тексерді. Екі жасар бала манежде жатты, оның үсті ит торының есігімен жабылып, сыртынан бекітіліп қойылғандықтан, бала өз бетімен шыға алмайтын еді.
Бес және жеті жастағы балаларды екі қабатты төсектен тапты. Полицияның айтуынша, бұл төсекті «қолдан жасалған ағаш есікпен жабылып, нағыз торға айналдырған». Ал тоғыз жастағы бала төменде жатты, бірақ ол жабылмаған болатын.
Содан кейін тергеуші мен әлеуметтік қызметкер Кристинаға балаларды торда ұстауға болмайтынын және оларды босату керектігін айтты.
Алайда Кристина жауап ретінде: «Сіздер түсінбейсіздер», — деп, балаларды олардың қауіпсіздігі үшін жауып ұстайтынын мәлімдеді.
Ол бірде балалардың бірі пышақ алып, тұрмыстық химиялық заттарды ұстауға тырысқанын айтып, сол жағдайдан кейін олардың өміріне алаңдай бастағанын түсіндірді.
Сондай-ақ, Кристина полиция мен әлеуметтік қызметкерге егер оның балаларының бірі қайтыс болып кетсе, оған полиция мен әлеуметтік қызметтер департаменті кінәлі болатынын айтқан көрінеді.