Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Табиғатты қорғау арқылы біз ұлттық болмысымызды, ұрпағымыздың амандығын сақтап қаламыз" - Алматыда экологиялық-мәдени іс-шара өтті

20:00, 06 сәуір 2025 19

5 сәуір күні Алматы қаласында “Таза Қазақстан: табиғат пен ұлттың бірлігінде” атты экологиялық-мәдени іс-шара сәтті өтті, деп жазады Alash.KZ.

Бұл ауқымды жиын – Қазақстандағы экологиялық қозғалыстың жаңа кезеңін білдіріп қана қоймай, халықаралық ынтымақтастықты нығайтатын маңызды алаңға айналды.

Іс-шара “Байтақ” Жасылдар партиясының бастамасымен ұйымдастырылып, оған еліміздің түкпір-түкпірінен келген партия мүшелері, қоғам қайраткерлері мен Мұхтар Шаханов, Асылы Осман бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сонымен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан және Моңғолия елдерінің Жасылдар партиясы өкілдері арнайы делегациялармен келіп, шараның халықаралық маңызын арттырды. Орталық Азия мен Еуропа елдерінің дипломатиялық және ресми өкілдерінің қатысуы экологиялық жауапкершіліктің ортақ екенін айқын көрсетті.

“Байтақ” Жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев өз сөзінде:

“Таза экология – бұл ұлттың денсаулығы мен болашағы. Табиғатты қорғау арқылы біз ұлттық болмысымызды, ұрпағымыздың амандығын сақтап қаламыз. Бұл – әр азаматтың ортақ парызы”, – деп атап өтті.

Мұхтар Шаханов өзіне жабылған шапанды “Байтақ” партиясының төрағасы Азаматхан Амиртаевқа ағалық құрметпен жауып, ізгі тілегін жаудырды. Керемет оқиғаның куәгері болған шетелдік қонақтар мен шараға қатысушылар інінің ағаға, заманының заңғар тұлғасының інісіне құрметін көріп, ықылас тілеулестігін аямады.

“Бұл – құрмет пен ағалықтың, ұлттық рух пен парасаттың жарқын көрінісі. Шахановтың бұл әрекетін нағыз ағаға тән ұлылық. Шапан жабу – жай ғана дәстүр емес, ол аманат пен сенімнің белгісі” - деді қоғам қайраткері Асылы Осман.

Іс-шара барысында бірнеше бағыттар қамтылды. Айталық, ұлттық ойындар мен қолөнер көрмесі болды. 

Асық ату, ханталапай, арқан тартыс, кір тасын көтеру сынды ұлттық ойындар мен спорттық сайыстар ұйымдастырылды. Өз кезегінде, шеберлер мен зергерлердің қолөнер бұйымдары таныстырылып, шеберлік сабағына жалғасты.

Сонымен бірге, экология, табиғатты қорғау және тұрақты даму мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстелге еліміздің және шетелдік экология саласындағы сарапшылар, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Қатысушылар табиғатты қорғаудың маңыздылығын, жас ұрпаққа экологиялық білім беру қажеттілігін және халықтың экологиялық сана-сезімін арттыру жолдарын қарастырды. Сонымен қатар, экология мен экономика арасындағы байланысты тереңірек зерттеу, инновациялық шешімдер мен экологиялық білім беру әдістері талқыланды.

"Таза Қазақстан" шарасы аясында Байтақ Жасылдар партиясының мүшелері ұлттық құндылықтарды дәріптейтін ерекше мәдени бағдарлама ұсынды. Бағдарламада қазақтың ұлттық өнері мен дәстүрлері кеңінен насихатталды. Қатысушылар арасында жетіген мен домбыраның күмбірі, ұлттық би, театрланған қойылым және танымал әншілердің өнері көрсетілді. Бұл бағдарлама қазақ халқының бай мәдени мұрасын, ұлттық өнерін және рухани құндылықтарын жаңғыртып, қонақтар ықыласына бөленді.

“Таза Қазақстан” – бұл тек бір күндік акция емес, бұл – тұрақты, жүйелі нық қадам. Ол еліміздің жасыл болашағын қамтамасыз етуге бағытталған ортақ міндет пен жаһандық жауапкершілік үлгісі,” – деп түйіндеді ұйымдастырушылар.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар