Танымал кәсіпкер тағы бір салық түрін енгізуді ұсынды, деп жазады Alash.kz.
Танымал кәсіпкер Сырымбек Тау Қазақстандағы депозиттерден салық алынбайтынын сынап, бұл жүйені қайта қарау қажеттігін алға тартты.
Оның пікірінше, бизнес өз табысының 20 пайызын салық ретінде төлесе, депозиттен мүлде салық алынбауы әділдікке жатпайды.
Кәсіпкер шетелдік тәжірибеге сілтеме жасап отыр. Дамып кеткен елдерде депозитке салық салынады екен.
«Халықтың депозиті Ұлттық қордан аспауы керек, бізде бұл көрсеткіш шектен шықты», - дейді ол.
Бүгінде Қазақстанда депозиттердің жалпы көлемі 36 триллион теңгеге жеткен. Орташа пайыздық мөлшерлеме 13–17 пайыз аралығында болғандықтан, халық жылына шамамен 5–6 триллион теңге таза табысқа иелік етеді.
Егер осы соманың 20 пайызы салық ретінде алынатын болса, мемлекет қазынасына жылына 1,5–2 триллион теңге қосымша кіріс түсер еді, дейді кәсіпкер.
«Неге біз бұл туралы айтпаймыз, тек қосымша құн салығына ғана назар аударамыз?» деп сұрақ қойған Сырымбек Тау депозиттерден түсетін табыс пен оның экономикаға әсерін қайта сараптауды ұсынып отыр.