Мемлекеттік қызметкерлерді материалдық ынталандыру жүйесіне өзгерістер енгізіліп, енді оларға берілетін сыйақылардың жиілігі артады, деп хабарлайды Alash.kz.
Тиісті ережелерге сәйкес, бонустар мен үстемеақылар бірнеше маңызды бағыт бойынша тағайындалады. Сыйақы беруге негіз болатын жағдайлардың қатарына қызметтік міндеттерді үлгілі орындау және мемлекеттік қызметті мінсіз атқару жатады. Сондай-ақ ерекше маңызды әрі күрделі тапсырмаларды жүзеге асырғаны немесе белгілі бір кезеңдегі жұмыс нәтижелері үшін де қосымша төлемдер қарастырылған.
Бұдан бөлек, мемлекеттік органның жұмысын тоқтататын шұғыл әрі жоспардан тыс міндеттерді атқару сыйақы алуға мүмкіндік береді. Президенттің, Үкіметтің және Премьер-министрдің актілері мен тапсырмаларын сапалы әрі уақытылы орындау да негізгі талаптардың бірі ретінде бекітілді.
Айта кетерлігі, ынталандыру шаралары тек жұмыс барысындағы жетістіктермен ғана шектелмейді. Мемлекеттік мерекелер мен айтулы даталарға, сондай-ақ қызметкерлердің жеке мерейтойларына байланысты да ақшалай сыйлықтар берілуі мүмкін.