Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Сығандар үлкен ұлт қой": Айнұр Тұрсынбаева “инфосығандарға“ қатысты айтты

11:11, 28 қазан 2024 397

Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева әлеуметтік желідегі парақшасында "инфосығандарға" қатысты жауап берді, - деп хабарлайды Alash.KZ Massaget.kz материалына сүйеніп.

Өнер иесінің сөзінше, өтірік дүниенің ғұмыры қысқа.

"Әлеуметтік желіде сабақ сатып жүрген адамның барлығын "инфосыған" деген сөз айтылып жатады. Сығандар үлкен ұлт қой. Тұтас бір ұлтты қорлап жіберу ғой. Әрине, сабақ сатудың әртүрлі жолы бар. Әркім өз нәтижесіне қарау керек деп ойлаймын.

Мысалы, неге пирамиданың ғұмыры қысқа? Өйткені адамдар алданады, сосын жабылады. Өтірік дүниенің ғұмыры қысқа", - дейді өнер иесі. 

Оның айтуынша, көпке топырақ шашпай, керісінше, оның қандай нәтиже алып келгеніне назар аударылу керек. 

"Жалпы психология деген Міржақып Дулатұлының кітабында бар. Бұл - қазақтың ілім-ғылымында бар дүние. Бұл психология қазіргідей қорқынышты ақпарат көп кезде халыққа өте керек дүние, сондықтан бұл дүниені құнсыздандыруға болмайды.

Біздің арзан сабағымыз арқылы дүкен, наубайхана, асхана ашқан қаншама адам бар?! Сондықтан жаппай көпке топырақ шашпай, шындығында "осылардан нәтиже бар ма?" дегенге назар аударуымыз керек", - дейді ол. 

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы қазір блогерлер мен "инфосығандардың" дәурені жүріп тұрғанын, халық бұдан мезі болғанын айтқан. 

"Қоғамды дүрліктірген тағы бір маңызды мәселе - әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде "бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін" деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар, блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздырып жатыр. "Аңқау елге - арамза молда" демекші, олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар. Оларды ауызекі тілде "инфосығандар" деп атайды", - деді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар