Украина президенті Владимир Зеленский Киевте Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен кездесіп, келіссөз жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Владимир Зеленский америкалық делегацияны ел астанасының орталығындағы София алаңында қарсы алған.
Кездесу алдында Владимир Зеленский украиналық келіссөз тобының мүшелерімен жиын өткізді. Оның айтуынша, Киев соғысты тоқтатуға бағытталған ұсыныстарды талқылауға дайын.
Тараптар кездесу барысында соғысты аяқтаудың ықтимал жолдарын, Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктерін және соғыстан кейінгі жағдайды реттеу мәселелерін талқылауда.
«Әңгімеге дайынбыз. Украина әрдайым сындарлы ұстанымда болды және солай қала береді. Біз соғыстың аяқталғанын қалаймыз. Бейбітшілік керек. Қауіпсіздік кепілдігі қажет. Соғыстан кейінгі бейбіт өмірдің лайық шарттары болуға тиіс. Біздің ұсыныстарымыз дайын», — деп жазды Зеленский.