Украина ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров бастаған делегация АҚШ-қа барып, соғысты тоқтату мәселесін талқылауды жоспарлап отыр. Бұл туралы 18 желтоқсанда Axios басылымы хабарлады, деп жазады Alash.KZ.
Дереккөздердің мәліметінше, украин делегациясы апта соңында Майамиде АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткоффпен және президенттің күйеу баласы Джаред Кушнермен кездеседі. Келіссөздер барысында қақтығысты тоқтатудың ықтимал жолдары мен болашақ келісім шарттары талқыланбақ.
Бұл ақпаратты Украина президенті Владимир Зеленский де Киевте өткен брифингте растады. Мемлекет басшысы делегация құрамын нақтыламағанымен, келіссөздерге еуропалық саясаткерлердің де қатысуы мүмкін екенін айтты.
Politico басылымының хабарлауынша, 20–21 желтоқсан күндері Майамиде Ресей делегациясының келуі күтіліп отыр. Ресей тарапынан келіссөздерге президенттің арнайы өкілі Кирилл Дмитриев жетекшілік етпек. Ол да Стив Уиткофф және Джаред Кушнермен жеке кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
Алайда Axios дереккөздері АҚШ, Украина және Ресей өкілдерінің қатысуымен үшжақты форматтағы келіссөз әзірге қарастырылмағанын атап өтеді. Тараптар келіссөздерді бөлек форматта жүргізбек.
Бұған дейін, 14–15 желтоқсан күндері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Берлинде Украина және бірқатар Еуропа елдерінің өкілдерімен кездескен. Сол келіссөздер барысында АҚШ тарапы соғыс аяқталған жағдайда Украинаға қауіпсіздік кепілдіктерін беруге дайын екенін білдірген. Дегенмен, Киевтің ықтимал аумақтық ымыраға бару мәселесі сол күйі ашық күйінде қалған.
Ал желтоқсан айының басында Уиткофф пен Кушнер Мәскеуге сапарлап, Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен болатын. Аталған кездесудің мазмұны мен келіссөздердің егжей-тегжейі жарияланған жоқ.