Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Соғыста «Қазақ» деген лақап атпен танылған" - Ресей-Украина соғысында қанша қазақстандық оққа ұшты?

18:30, 31 наурыз 2025 1358

Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстарда Қазақстан азаматтары да қатысып, кейбірі қаза тауып, жарақат алғаны туралы мәліметтер жиі кездеседі. Қазіргі таңда мұндай жағдайлардың көбейіп бара жатқаны байқалады, деп жазады Alash.KZ.

2024 жылы мамыр айында ресейлік "Медиазона" басылымы Украинадағы соғыста қаза болған Қазақстан азаматы, Ақмола облысының тумасы Данил Ермоленко туралы хабарлады.

Ол Ресейдің 74-ші жеке гвардиялық мотоатқыштар бригадасында қызмет етіп, соғыста «Қазақ» деген лақап атпен танылған. Ермоленко Бурабай ауданындағы емханада тіркеуде тұрған.

Өткен жылы Орал қаласының тумасы Айбек Рамазанов та осы соғыста қаза тапқан.

Украина үкіметінің мәліметі бойынша, 21 қазақ ұлтының өкілі Ресей жағының қатарында соғысып, тұтқынға түскен. Олардың алтауы биыл Қазақстан азаматтары екені анықталды.

Қазақстан үкіметі бұл жағдайларға алаңдаушылық білдіріп, азаматтарын соғысқа қатыспауға шақырып келеді. Себебі мұндай әрекеттер заңға қайшы болып табылады.

Қазақстан азаматтарының Украинадағы соғысқа қатысуы жөнінде нақты статистика немесе толық мәлімет жоқ. Бірақ "Ликвидатор" және "Не жди меня из Украины" сияқты телеграм-арналарда Қазақстандықтар жайлы мәліметтер бар.

Ulysmedia.kz сайтының жазуынша, журналист Лұқпан Ахмедияов өзінің парақшасында бірнеше азаматтың есімдерін жариялады. Олардың арасында «Қазақ» лақап атымен танылған Сергей Зинченко (СҚО), «Стрела» лақап атымен белгілі Юрий Набоков (СҚО), «Ленин» лақап атымен танымал Александр Ульянов (Семей) және «Чимкент» лақап атын иеленген Александр Тишков бар. Бұл адамдардың көбісі қаза тапқан немесе тұтқынға түскен.

Журналист Лұқпан Ахмедияовтың пікірінше, бұл азаматтардың Украинаға барып, Ресейдің қатарына қосылуына өмір бойы орыс тіліндегі телеарналарды қарап, Қазақстанды өз Отаны ретінде санамауы себеп болуы мүмкін. Олар Қазақстанда тұрып, соған қарамастан басқа мәдениет пен қоғамға жақын болып, Ресейдің саяси ұстанымдарын ұстанған.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар