Сәрсенбі күні кешке, АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф Мәскеуден ұшып кеткеннен кейін, Батыс БАҚ өз дереккөздеріне сілтеме жасап, келесі аптада Дональд Трамп пен Владимир Путиннің кездесуі мүмкін екенін хабарлады, деп жазады Alash.KZ.
Сондай-ақ, кейін Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуымен үшжақты кездесу өтуі де жоспарлануда. Келесі күні Мәскеу тарапынан Путин мен Трамп арасындағы кездесу дайындалып жатқаны расталды.
Келіссөздерден кейін Трамп Уиткоффтың Мәскеуде Путинмен өте тиімді кездесу өткізгенін айтты. Кейінірек журналистермен сөйлесу кезінде Трамп алдағы уақытта Ресей басшысымен кездесіп, Украинадағы соғысты аяқтау мәселесін талқылауы мүмкін екенін растады.
Уиткофф Трамптың Украинада бітім орнату жөніндегі ультиматумының мерзімі бітуге екі күн қалғанда Кремльде Путинмен кездесті. Олар не талқылауы мүмкін?
Мемлекет басшыларының ықтимал кездесуі туралы қандай мәліметтер бар?
Кремльдің мәлімдеуінше, Уиткоффтың Путинмен Кремльде өткен бұл бесінші кездесуі, сондай-ақ сәуір айының соңында өткен алдыңғы кездесу шамамен үш сағатқа созылған. Уиткофф Мәскеуге Трамптың Украинадағы бітімге қатысты ультиматумының мерзімі аяқталуына екі күн қалғанда келген.
«Айтарлықтай ілгерілеушілікке қол жеткізілді! Осыдан кейін мен кейбір еуропалық одақтастарымызды хабардар еттім. Барлығы бұл соғыс аяқталуы керек дегенге келіседі, және біз алдағы күндер мен апталарда осы бағытта жұмыс істейтін боламыз», — деп жазды Трамп келіссөздерден кейін Truth Social әлеуметтік желісінде.