Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Соғыстан зарарланған мұқтаж мұсылмандарға әлі де болса біздің жұрт бұрынғы дағдысынан танбай, жылуын тоқтатпаса, көркем іс болар еді

23:39, 21 мамыр 2024 387

Оқушыларға мағлұм, Орынборда "соғыстан зарарланған мұсылмандарға жәрдем" комитеті ашылған еді. Бұл комитет әуелі жалғыз кәріс мұсылмандарына ғана жәрдем жиып жіберіп тұрды. Бүгінге шейін бұл комитеттің жәрдемі 21 мыңнан асты. Бұл жәрдемнің ішінде біздің қазақ жұртынан "Қазақ" арқылы 1 мың 250 сомнан артық болды һәм комитетке өз тұсынан жібергендері де бар. Бұл соманы бүкіл қазақ атынан азсынсақ та, алыстағы қан жұтқан қайғылы аш-жалаңаш бауырларына қарасқаны үшін алғыс айтамыз. Мұнан кейін де қарап тұрмас деп үміт етеміз.

Соңғы кезде күнбатыс губерниялардан (соғыс жағынан) Орынборға мұсылман босқындары келе бастаған соң, жоғарғы комитет бұларды да қарауға, жәрдем беруге қаулы қылып, соның қамына кірісті. Екі жерден жақсы, зор пәтер әперіп, қазіргі қашып келген жүз шамалы мұсылмандарды орналастырды. Мұсылман комитеті алғаш бұларды өз есебінен қарай бастап еді, соңынан босқындарға қазынадан жәрдем берілетін болды.

Сөйтсе де, босқындарды қарап, күтіп, керек-жарағын жиыстырып, басқарып тұру үшін комитет жаңа кісілер сайлады. Бұлардың қызметтері: пәтер ісін, азық-түлік ісін басқару, босқындардың санын, аты-жөнін жазу, киіндіру, балаларын оқыту, қызмет тауып беру, керек орнында жөн көрсету, ауруларын емдету һәм жәрдем ақшаларға ие болып, тиісті орнына беріп тұру.

Орынборда тұрғын қазақ жоқ, бірен-саран қызметтегілер мен оқудағы жастардан басқа. Соның үшін мұндағы ноғай ағайындар қатарында көзге көрінерлік қызмет көрсете алмаймыз. Мынау мұсылман комитетінде бұрыннан һәм қазіргі босқындарды қарау ісінде де қазақтан жалғыз-ақ шілен бар - Ахмет Байтұрсынов. Енді бұл іске, яғни соғыстан зарарланған мұқтаж мұсылмандарға әлі де болса біздің жұрт бұрынғы дағдысынан танбай, жылуын тоқтатпаса, көркем іс болар еді. "Көп түкірсе - көл" деген.

Міржақып ДУЛАТҰЛЫ

"Орынбордағы мұсылман босқындарға жәрдем іс" мақаласынан

"Қазақ" газеті, 1915 жыл. №155

Дереккөз: Дулатұлы М., Алты томдық шығармалар жинағы.2-том. - Алматы, 2013 ж.

Alash.kz ұлттық порталы

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар