Түркияда ем қабылдаған қазақстандық сарбаз Ербаян Мұхтар елге оралды. Бұл туралы оның ісін бақылап жүрген заңгер Инга Иманбай Facebook парақшасында хабарлады, деп жазады Alash.KZ.
Заңгердің айтуынша, Ербаянның қазіргі жағдайы тұрақты. Түркиялық дәрігерлер толық емнің әсерін байқау үшін кемінде үш ай уақыт қажет екенін айтқан. Осы уақыт өткен соң ол қайтадан Ыстанбұлға барып, реабилитациялық емін жалғастырады.
«Екі рет шетелде ем алу — үлкен еңбектің және жанашыр адамдардың қолдауының нәтижесі. Дегенмен жарақатының ауырлығына байланысты өзгерістер бірден байқалмайды. Бұл — дәрігерлер күткен және біздің түсінігімізге сай процесс. Соған қарамастан, Ербаян өзіне лайықты өмір үшін күресіп келеді. Оған халықтың қолдауы ерекше күш беріп отыр», — деді Инга Иманбай.
Сонымен қатар, Ербаянның Түркияда ем алуына Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мен генерал Қайрат Үмбетов қолдау көрсеткен.
Еске сала кетейік, Ербаян Мұхтар әскерде жүрген кезінде бас-ми жарақатын алып, комаға түскен болатын. Кейін министрлік оның азаматтық клиникада ем алуына рұқсат бергенімен, аурухана біраз уақыттан соң оны үйіне шығарған. Осыдан кейін отбасы қоғамнан көмек сұрап, емге қаржы жинау үшін шот ашқан.
Халықтың қолдауымен 140 миллион теңге жиналып, сол қаражаттың арқасында Ербаянға Ыстанбұлда күрделі ота жасалған.
Қазір ол елге оралып, емін жалғастыруда. Дәрігерлер мен туыстары оның денсаулығы біртіндеп жақсарады деп үміттеніп отыр.