Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен, жұбайы түсірген қызметтік пәтер туралы видеоға қатысты өз ойын айтты, деп жазады Alash.KZ.
Оның айтуынша, видео шынында да оның жұбайы түсірген және онда көрсетілген үйдің жағдайы шындыққа сай.
«Иә, видеоны әйелім түсірді. “Нұрсаядағы” депутаттарға берілген бұл үй бірнеше жылдан бері жөндеу көрмеген. Ішіндегі жиһаздың бәрі ескі, шкафтар сынған, кейбірі құлап жатыр. Шын мәнінде, мұндай пәтер депутаттың үйіне ұқсамайды», – деді Базарбек.
Депутат сонымен қатар пәтердің жөндеу жұмыстарына арналған қаржының қайда жұмсалғанына күмән келтірді.
«Әрине, мұндай үйлерді жөндеуге ақша бөлінеді. Бірақ сол қаржы нақты қайда кеткені белгісіз. Әйелім видеода бәрін сол күйінде, шынайы көрсеткісі келді», – деп түсіндірді дейді qaz365.kz.
Айта кетейік, бұған дейін депутаттың жұбайы Әдел Әділова қызметтік пәтердің ішкі жағдайын TikTok-та көрсетіп, жиһаздардың ескі екенін және тұрмысқа жарамсыз бөлшектердің көптігін айтқан еді. Видео әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қоғамда түрлі пікір туғызған.