Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Собчак Қазақстандағы сот отырысын ресейлік сот процестерімен салыстырды

13:06, 03 мамыр 2024 500

Өткенде Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында көзге түскен ресейлік журналист Ксения Собчактың Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты шығарылымы жарық көрді, - деп хабарлайды alash.kz.

Собчак Қазақстандағы сот отырысын ресейлік сот процестерімен салыстырды. Ол Қазақстандағы процесс ашық түрде өткенін және мұндай үрдіс ресейлік процестерде жоғын айтады.

Собчак 1,5 сағатқа созылған репортажын сот процесінде көрсетілген видеолардан бастаған.

"Галереяда судья Салтанат мерт боларының алдында түсірілген видеоларды көрді. Бізге видеоны көрсетпегенімен ондағы дауыстардан бәрі түсінікті болды", - дейді журналист.

Одан бөлек, Салтанаттың құрбысы Аида Ахмедина мен ағасы Айтбек Амангелді 2023 жылы 8 қарашада болған жайттар туралы айтып берген. Сол түні Бишімбаев пен Нүкенова Салтанаттың құрбысы Аидамен ресейлік әншінің концертіне барған болатын.

Бишімбаевпен 14 жыл бірге тұрған әйелі Назым Қахарман да сұхбат берген дейді dalanews.kz.

"Екінші баламыз өмірге келген кезде абьюзер екенін білдіре бастады. Сол кезде маскалар шешіле бастады. Яғни дөрекі бір нәрсе айтып жіберуі мүмкін, ол үшін кешірім сұрамайтын да. (...) Қуандық үйленетін кезде маған айтты. Бұл жағдайда балаларды да дайындай бастадық. Үшінші некесінде бақытты болатын шығар деп ойладым", - дейді Назым Қахарман.

Адвокат Жанна Оразбахова ресейлік журналистке берген сұхбатында Бишімбаев не үшін алқабилерді таңдағанын түсіндіріп берген.

"Өйткені Бишімбаев бұрын аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған болатын. Ал енді бұл қылмысы да аса ауыр қылмыс болып саналады. Яғни, Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша аса ауыр қылмысты қайталап жасағандарға өмір бойына бас бостандығынан айыру қарастырылған. Яғни, Бишімбаев сот оны өмір бойына бас бостандығынан айыруы мүмкін екенін түсінді. Ал алқабилер шешімімен оның жазасы азаюы мүмкін. Себебі өмір бойына сотталуы үшін 10 алқабидің бәрі қолдап дауыс беруі керек", - дейді адвокат Оразбахова.

Сонымен қатар, Оразбахова Бишімбаев қанша жылға сотталуы мүмкін екенін айтты.

"Қылмыстық құқықтың белгіленген нормаларына сәйкес 15 жылдан өмір бойына дейін сотталуы мүмкін", - дейді адвокат.

Еске салайық, бұған дейін ресейлік блогер Наталья Грейс те Қазақстанға келіп, Бишімбаевтың ата-анасынан сұхбат алған болатын. Бишімбаевтың анасы Әлмира Бишімбаева ұлын "ана ретінде қолынан келгенше қорғап жүргенін" айтып, көзіне жас алды. Сонымен қатар, Уәлихан Бишімбаев та ұлының ісіне қатысты пікір білдірді. 

Одан бөлек, Әлмира Бишімбаев ұлы Салтанатты өлтіру ойы болмағанын айтты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар