Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Шұғыл қонуға мәжбүр болды»: Франкфуртқа бет алған Air Astana ұшағынан техникалық ақау шықты

14:30, 08 мамыр 2026

Астанадан Франкфуртқа бағыт алған Air Astana әуе компаниясының лайнері техникалық ақауға байланысты сапарын тоқтатуға мәжбүр болды, деп жазады Alash.kz. 

Ұшу барысында ұшақ қозғалтқыштарының бірі істен шығып, экипаж шұғыл жағдай туралы дабыл қаққан. Бортында жүзден астам адамы бар әуе кемесі жақын маңдағы Ақтөбе қаласының әуежайына аман-есен қонды.

Бүгін таңертең орын алған оқиға кезінде ұшақ бортында 93 жолаушы мен 9 экипаж мүшесі болған. Әуеге көтерілген соң қозғалтқыштың істен шыққанын байқаған ұшқыштар бірден PAN-PAN шұғыл сигналын беріп, қосалқы аэродромға бағыт алған. Ақтөбе әуежайына қону үдерісі штаттық режимде өтіп, ешкім зардап шекпеген.

Қазіргі уақытта ұшақ тұраққа өздігінен келіп тоқтаған және техникалық тексеруден өтуде. Көлік министрлігі бұл жағдайды «күрделі оқиға» ретінде жіктеп, арнайы тергеу амалдарын бастады. Мамандар техникалық ақаудың нақты себептерін анықтайтын болады.

Жолаушыларды діттеген жеріне жеткізу және әуе кемесіндегі ақауды жою мәселесі авиакомпанияның бақылауында. Әуежай мен көлік саласының өкілдері оқиғаның толық мән-жайы зерттеліп жатқанын хабарлады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар