Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Шоу болады…»: Атырау полициясы Қуат Хамитовті жарнамалық видеосы үшін жауапқа тартты (ВИДЕО)

09:42, 22 мамыр 2026

Атырау қаласындағы «Жайық» спорт кешенінде алғаш рет жалауын желбіреткелі жатқан Batyr Fighting Championship турнирінің қарсаңында белгілі файтер Қуат «Найман» Хамитов пен жергілікті театр актрисасы жол ережесін бұзғаны үшін жауапқа тартылды, деп хабарлайды Alash.kz Ақ Жайыққа сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде тараған жарнамалық видеода Махамбет Өтемісұлы атындағы облыстық академиялық драма театрының актрисасы Лашын Нүркенқызының қозғалыстағы көліктің терезесінен белшесінен шығып, спортшыға сәлем жолдағаны, ал Қуат Хамитовтың Mustang рулінде қауіпсіздік белдігін тақпай отырғаны байқалған. Қоғамда үлкен талқылау тудырған бұл кадрлар Атырау облыстық полиция департаментінің назарына ілігіп, тәртіп сақшылары видеодағы барлық құқық бұзушыларды анықтап, айыппұл салды.

Атырау облыстық полиция департаменті желідегі даулы бейнежазбаға қатысты ресми тексеру жүргізіп, заң аясында қабылданған шаралар туралы былай деп мәлімдеді:

«Тексеру нәтижесінде Toyota Camry көлігіндегі 24 және 22 жастағы жолаушылардың қозғалыс кезінде қауіпсіздік белдігін тақпағаны, сондай-ақ көлік салонынан денесін шығарғаны анықталды. Жол берген құқық бұзушылықтары үшін олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар аталған заңсыз әрекеттерге жол берген 20 жастағы жүргізуші де жауапқа тартылды. Сондай-ақ Mustang көлігінің 38 жастағы жүргізушісі қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды».

Естеріңізге сала кетейік, аталған халықаралық турнирдің басты жекпе-жегінде Қуат Хамитов ирандық танымал поп-MMA файтері Әли Хейбатимен күш сынасады деп жоспарланған.

Желіде тараған видеода спортшы жекпе-жегі туралы былай деді:

Атырау - бомба! Барлықтарыңызды аренада күтемін. Шоу болады! 
Қыздар, мен бойдақпын! Басым бос! Атыраудың қыздары, мен қаладамын!

Спорттық шара алдындағы бұл оқиға желі қолданушылары арасында турнирдің өзінен кем талқыланған жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар