Қазақстанның шамамен 150 мың азаматы шетелде еңбек етіп жүр. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитеті хабарлады, деп жазады Alash.KZ
Комитет мәліметінше, 2026 жылдың екінші жартыжылдығындағы деректер бойынша қазақстандық еңбек мигранттарының басым бөлігі Ресейде жұмыс істейді. Аталған мәліметтер Сыртқы істер министрлігінің ақпараты мен Еуразиялық экономикалық одақтың дерекқоры негізінде қалыптастырылған.
Атап айтқанда, Ресейде – 117 мың, Корея Республикасында – 15 мың, Ұлыбританияда – 5 мың, ал Біріккен Араб Әмірліктерінде 3 мыңға жуық Қазақстан азаматы еңбек етеді.
Көші-қон комитеті шетелде жүрген азаматтардың құқықтары Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері арқылы қорғалатынын атап өтті.
«Қазақстан азаматтарының шетелдегі құқықтарын қорғауды Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелері қамтамасыз етеді. Мәселен, Қазақстанның Лондон, Дубай, Сеул және басқа да қалалардағы консулдықтары төтенше жағдайлар, азаматтардың қамауға алынуы немесе жұмыс берушілермен еңбек даулары туындаған кезде отандастардың мүддесін қорғайды. Сондай-ақ құжаттарды рәсімдеуге және заң көмегіне қол жеткізуге жәрдемдеседі», – делінген комитет жауабында.
Бұдан бөлек, қазақстандық азаматтардың шетелдегі қауіпсіздігі мен құқықтық мәселелерін жедел шешу мақсатында полиция атташелері институты енгізіліп жатыр. Бірқатар мемлекеттердегі Қазақстанның дипломатиялық миссиялары жанынан полиция атташесі лауазымы бекітілген.
Олардың негізгі міндеті – жергілікті құқық қорғау және көші-қон органдарымен тікелей байланыс орнату, қазақстандықтардың қатысуымен болған құқықтық және көші-қон сипатындағы мәселелерді жедел шешуге ықпал ету. Сонымен қатар заңсыз жұмысқа орналасу жағдайларының алдын алу да полиция атташелерінің міндетіне кіреді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сыртқы істер министрлігіне шетелдегі қазақстандықтардың мүдделерін қорғауға басымдық беруді тапсырған еді.