Қазақстан алдағы жылдары Ресейден электр энергиясын импорттаудан толық бас тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы елдің Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлімдеді, деп жазды Alash.kz.
Оның айтуынша, егер осы жылдың соңы мен келесі жылдың басында жоспарланған барлық энергетикалық нысандар іске қосылса, 2027 жылы Қазақстан Ресейден электр энергиясын мүлде сатып алмауы мүмкін.
«Егер барлық жоспарлы энергетикалық нысандарды уақытында іске қоссақ, 2027 жылы электр энергиясын Ресейден мүлде алмаймыз деп ойлаймын», – деді вице-министр.
Мәліметке сәйкес, 2025 жылы Қазақстанға жеткізілген электр энергиясының жалпы көлемінің шамамен 60 пайызы Ресейден импортталған.
Бұл қадам елдің энергетикалық тәуелсіздігін күшейту және ішкі генерация қуатын арттыру мақсатында жүзеге асырылмақ.