Түркияның Эгей университетінің доценті Серкан Асар әлеуметтік желідегі парақшасында күлкілі, әрі қызықты жазба жариялады, деп жазады Alash.KZ.
Оған 2051 жылға дейін Ресейге кіруге тыйым салынған. Шектеудің нақты себебі өте қызық!
"Ресей қауіпсіздігіне қауіп төндіру және қоғамдық тәртіпті бұзу мүмкіндігі бар» деген айып тағылған.
Оқиға былай болыпты. Тарихшы "Алтын Орда" симпозиумына қатысу үшін Қазанға ұшқан. Таңғы сағат 6:30 шамасында ұшақтан түскен бетте, оны ресейлік полиция бірден жеке бөлмеге сүйрей жөнеледі. Құжат алдын ала дайындалып қойылған көрінеді. Құжатқа қол қойып, сол ұшақпен кері қайтарыпты.
Тарихшы полиция қызметкерлерінен қайта-қайта сұрап, себебін әрең білген. "Қауіпсіздік үшін" депті.
"Ресей мұсылмандарының тарихы (Қырым, Қазан, татарлары, башқұрттар және т.б.) — бұл Ресейдің ең әлсіз жері. Менің бар мақсатым — объективті тарих жазу. Өзін «супердержава» санайтын мемлекет академиялық тұлғаға «түрік агенті» деп қарап, оны 2051 жылға дейін елге кіргізбеу туралы шешім қабылдауы — ақылға сыйымсыз" деп жазды тарихшы.
Мен бұл істен бас тартпаймын! Еуразиядағы түркілердің тарихи құқықтары туралы жазуды жалғастырамын. Бұл туралы біздің Сыртқы істер министрлігіне де хабар беремін. Құжаттан көрініп тұрғандай, оны дайындаған — ФСБ, яғни бұрынғы КГБ, дейді Серкан Асар.