Қырғызстан Конституциясының орыс тіліндегі нұсқасынан 44 қате анықталды, деп жазды Alash.kz.
Қырғызстан Жогорку Кеңешінің депутаты Дастан Бекешев жасанды интеллект көмегімен Әділет министрлігінің сайтында жарияланған Конституцияның орыс тіліндегі нұсқасын тексеріп, 44 сәйкессіздік тапқан.
Тексеру үшін OpenAI компаниясының Codex құралын пайдаланған. Жасанды интеллект мәтіндегі сөздерді, абзацтарды және мағыналық мазмұнды талдап, мынадай олқылықтарды анықтаған:
— 14 мағыналық сәйкессіздік;
— 17 екіұшты тұжырым;
— аударма стилі мен сапасына қатысты 13 қате.
Дегенмен депутат бұл нәтижелерге қарап, қателер Конституцияның ресми түпнұсқасында бар деп тұжырым жасауға болмайтынын атап өтті. Себебі тексерілген мәтін — Әділет министрлігінің сайтында жарияланған орыс тіліндегі нұсқа.
Бекешев анықталған кемшіліктерді аса маңызды деп санамайды. Алайда олардың назардан тыс қалмағаны жөн екенін айтты.