Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қырғыздар қазақтың екі әрпін өз алфавитіне қосқысы келеді

09:25, 17 қазан 2024 1985

Мыңдаған жылдық тарихы бар қырғыз тілі кеңес заманында түп-төркінінен қол үзді, байлығынан біраз айрылды, шұбарланды. Мысалы, бүгінде қырғызшада бас тарту – "отказ кылуу", Отанды сүю – "родинаны сүйүү", бұғаттау – "блокада уюштуру", есептілік – "отчёттуулук", бастық – "начальник", ресми – "официалды", баяндамалар – "докладдар" сияқты болып, орысша қалыбында кете береді, деп жазады Alash.KZ inbusiness.kz сайтына сілтеп.

Түркі әлемінде тек екі мемлекет – Қазақстан мен Қырғызстан ғана кириллицада қалғаны мәлім. Кезінде латыншаға ұмтылған Қазақстан енді ол қарқынын тежеді, қашан көшетіні белгісіз. Қырғыз Республикасы әзірге кирилл қарпімен қош айтысуға ниетті емес.

Тіл жанашырлары мен тіл мамандары ең құрығанда қырғыз кириллицасын жетілдіруді ұсынады. Өйткені қолданыстағы алфавиттің кемшілігі кесірінен қырғыз тілі түп қайнарынан қашықтап барады. Мамандар ең құрыса, қазақтың "Қ" және "Ғ" әріптерін қырғыз әліпбиіне қосу бастамасын дүркін-дүркін көтереді.

Қырғыз тілінің алфавиті мен орфографиясына өзгеріс енгізу бастамасын көтергендердің бірі "Даанышман" студенттік-интеллектуалдық клубының төрағасы Әсел Орозбаева болды.

"Қырғыз сөздерінде "К" және "Г" мүлдем басқаша, қатаңырақ дыбысталады. Сол себепті олар кириллицадағы осы символдарына сәйкес, үндес келмейді. Сондықтан қазақтың "Қ" және "Ғ" әріптерін біздің ана тіліміздің алфавитіне енгізуіміз керек", – деп ұсынды Әсел Орозбаева.

Қырғыз тілі ҒЗИ-і орыс тіліндегі сол кездегі 33 әріпке қырғыз тілінің фонетикасына сәйкес келетін, соған тән төл дыбыстарды – Ғ ғ, Җ җ, Қ қ, Ң ң, Ө ө, Ү ү әріптерін қосты.

Алайда әліпбидің кейінгі нұсқасы өзгертілген түрде қабылданды. Кириллицадағы қырғыз алфавитін 1941 жылғы 12 қыркүйекте Қырғыз КСР Жоғарғы кеңесінің төралқасы ресми бекітті.

Онда қырғыз тілінің төл дыбыстары ретінде небәрі үш-ақ әріп қосылды, бұлар – Ң ң, Ө ө, Ү ү ғана.

Содан бері қырғыз лингвистері, тіл жанашырлары қазақтарға қызыға қарайды. Өйткені кеңес кезеңінде қазақтың көрнекті ғалымдары мен білікті қайраткерлері тегеурінді күресе жүріп, кириллицадағы қазақша әліпбиге қазақ тілінің 9 төл дыбыстарының бәрін енгізе алды. Бұлар – Ә ә, І і, Ң ң, Ғ ғ, Ү ү, Ұ ұ, Қ қ, Ө ө және Һһ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар