Әлеуметтік желілерде Алматыда бірнеше ер адамның қатысуымен болған төбелестің видеосы жарияланды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Видеода үш ер адамның жерде жатқанын, ал басқаларының оларды ұрып жатқанын көруге болады. Қастарында тұрған адамдар төбелесіп жатқандарды ажыратуға тырысуда.
Аталған бейнежазбаға Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі пікір білдірді.
«Әлеуметтік желілерде алкогольдік мас күйдегі ер адамдар арасындағы төбелес бейнеленген видео тарап жатыр. Аталған факті бойынша аудандық полиция басқармасы жедел түрде шаралар қабылдады, қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға қатысушылардың барлығы ұсталып, полицияға жеткізілді», – деп хабарлады ведомстводан.
Оқиға кезінде «102» пультіне ешқандай шақырту түспеген.
«Дегенмен, қоғамдық тәртіптің бұзылуын патрульдеу кезінде анықтаған «Буран-142» және «Буран-137» экипаждары жедел түрде араласты. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысушылардың әрекеттері зерттеліп жатыр. Әрқайсысына ҚР заңнамасына сәйкес құқықтық баға берілетін болады», – деп толықтырды Полиция департаменті.