Қазақстанда әкелердің бала күтіміне байланысты құқықтары кеңейтіліп, олар аналармен тең дәрежеде әлеуметтік қорғауға ие болмақ, деп жазады Alash.kz.
Мәжіліс депутаттары қабылдаған жаңа заң жобасына сәйкес, ер адамдардың бала күтіміне арналған демалыста өткізген уақыты енді ресми түрде зейнетақы өтіліне есептеледі. Бұған дейін бұл жеңілдік тек аналарға ғана қолжетімді болса, ендігі жерде бұл норма әкелерге де ортақ. Қазіргі уақытта құжат Парламент Сенатының қарауына жолданды.
Сонымен қатар, заңнамаға жыныстық ерекшелігіне қарамастан қолданылатын «жалғызбасты ата-ана» деген жаңа түсінік енгізілуде. Бұл өзгеріс жалғызбасты әкелерді де аналар сияқты жұмыс орнындағы кепілдіктермен қамтамасыз етеді. Атап айтқанда, жұмыс берушілерге баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ер адамдарды өз бастамасымен жұмыстан босатуға заң жүзінде тыйым салынады.