Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қуандық Бишімбаевтың атасы Қозыке Бишімбаев Совет одағының чекисті болған ба?

11:34, 29 сәуір 2024 639

Кезінде Қуандық Бишімбаевтың атасы Қозыке Бишімбаев Совет үкіметі кезінде тергеуші болып, аты-шулы істерді қараған екен.  Чекистен зардап шеккеннің ұрпағы Байназар Бисұлтанов 2019 жылы қыркүйек айында «Жас Алаш» газетінде аталған тұлғаның жазықсыз 20 адамды соттағанын жазады. Егер мақаладағы дерек рас болса, «Атасының істеген ісі ұрпағының алдынан келген бе?» деп ойлайсыз деп жазады alashorda.kz сайты.

***

Көңілге күдік тудырмас құжаттардың көшірмесімен редакциямызға келген осы мақаланы жариялауда көп ойландық.

Редакция қызметкерлерінің пікірі де бір жерден шықпады. Елге есімдері белгілі әулеттің баласы мен немересі әкесі мен атасының ісіне жауапты емес, оның үстіне сан жыл ұстаздық етіп мыңдаған шәкірт тәрбиелеген адамның қартайған кезінде, қайбір жылдары істі болып қамалған ұлына қамығып жүрген кезінде жығылғанға жұдырық сілтегендей болмайық деді бір ойымыз. Бірақ екінші бір ойымыз «бұл мақаланың баласы мен немересіне еш қатысы жоқ» дейді. Жазықсыз жапа шеккен жарты ауылдың, жиырма шақты шаңырақтың жанайқайын, қасіретін қалай айтпай, қалай жарияламай кетуге болады? Біздіңше қоғам өткен күннің шындығын, құпиясын ашып айтуды үйренбей, одан қорытынды шығармай, бүгінде түзу жолға түсуі мүмкін емес. Ал мәртебелі шындық қашанда бір жақты емес. Егер осы мақалаға қатысты екінші тараптың айтар сөзі, уәжі болса, оны да жариялауға дайын екенімізді айтқымыз келеді.

***

Тұрсын Жұртбайдың «Жас Алаш» газетінде 2019 жылдың 2 мамырында жарық көрген «Мағжан Жұмабаев және кеңестік жазалау саясаты» атты тарихи толғауын оқығанда түрлі ойға шомып, жүрегіме ине шаншығандай сезімде болдым. Автор мақалада: «Осы арада ескерте кетерміз, Мағжанды тіміскілеткен, не тұтқындаған, біз танысқан Ахмет Байтұрсыновтың ісіне де қатысы бар тергеушілердің біреуі кейіннен Қазақстанның бірінші басшысы, екіншісі – қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, үшіншісі – ішкі істер министрі, төртіншісі – төбе би (Жоғарғы Кеңес төрағасы) болды. Олардың үрім-бұтақтарының өтініші бойынша аты-жөндерін қағыс қалдырдық. Ол үшін бізді жазғырудың жөні болмас», – дейді.

Сонда, олардың атын атамай, қағыс қалдырғаныңызды құптап, қуануымыз керек пе? Мақала авторының қағыс қалдырғандары кімнің ұрпақтары  екені атам заманнан белгілі. Зұлмат тарихымызды ғасыр бойы жар күшіктер мен олардың ұрпақтарының ар-намысы үшін жасырып, қағыс қалдырғанда не ұттық? Әрбір ұлт өзінің сатқындарын да, сататындарын да білуі керек емес пе? Оның үстіне бұл мәліметтердегі «құпиялық» белгі Ресей Федерациясының 1991 ж. «О реабилитации жертв политических репрессий» заңымен толық құпиясыздандырылып,  интернетте жарияланған.

Мысалы, Мағжан істі болған 1935-39 жылдарда НКВД құрамында  істеген 41 671 кісінің толық тізімі   (http//nkvd.memo.ru/index.php?title) парақшасына  енгізілген. Сонымен қатар ғаламтор беттерінде 1935-41 жылдар аралығында 41 668 адамның аты-жөні, оның ішінде  тергеу жүргізіп, айыптарды ойдан құрастырған 40 мыңнан астам жендеттің аты-жөндері анықталған.  Осылардың 39 950-і туралы қысқаша мағлұмат «Мемориал» сайтында жарияланды. Бұл тізімде Қазақстандағы репрессияны жүргізген 1080-дей адамның, оның ішінде 170-інің ұлты қазақ екенін білдірген. Олардың арасында Шәкәрім өлімімен танымал Абзал Қарасартов пен 1940-50 жылдары Қазақ ССР-нің басшысы болған Жұматай Шаяхметовтің де аты аталады. Осыншама мағлұматты ашып, аттарын атап, репрессия құрбандары мен зардабын көргендерге шын көңілмен жанашырлық білдіріп отырған ресейліктерге ризашылық білдіруіміз керек.

Ал енді біздің 1993 ж. 14 сәуірде қабылданған «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заңымыз болса, керісінше, осы жар күшіктер мен олардың ұрпақтарының атына сызат түсірмеу мақсатында «жамауланған», қауқарсыз, формалды заң болып шықты.

Мен де осы репрессия зардабын тартқан көп қазақтың бірімін. Сондықтан өзім өткен ауыр жолмен сіздерді таныстырайын, сонда мәліметтердің жылдар бойы қалыста қалдырылып, «құпиялануы» неге әкелгенін түсінерсіздер.

1996 жылы қызмет бабының ерекшелігіне байланысты Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша қауіпсіздік комитетінде (ОҚО ҰҚК) болып, оларға өмірбаяным туралы қысқаша мәлімет бердім. ОҚО ҰҚК-нің жауапты кісілері менің өмір тарихыма, өскен ортама көп зейін салып, тіпті елге барып тексеріпті. Таниды-ау деген кісілермен сұхбаттасып әрі жергілікті өкілетті органдардан ақпараттар жинақтайды. Қауіпсіздік комитетінің қызметкері пікір алмасуға шақырып, әңгіме барысында:

– Байеке, сіздің әкеңіз қай жылы қайтыс болды? – деді.

– 1947 жылы.

– Осы 1947 жылға байланысты өмірбаяныңыз толық жазылмапты. Толықтырып, әкеңіз қандай жағдайда қайтыс болғаны туралы мәліметті кеңірек баяндап, жазып берсеңіз болар еді, – деді.

Шынымды айтсам, «Әкеңіз қай жылы қайтыс болды?» деп сұрақ қойылғанда жан дүнием қозғалып, жүрегім аузыма тірелді. Себебі 1945-53 жылдары менің әке-шешем мен туған-туыстарымның көп азап шеккенін білемін, бірақ еліміздің тарихи деректерінде бұл жөнінде ештеңе айтылмайды. Бұл сұрақтың шешуін таппай мен де қиналатынмын.  Уақыт өткен сайын 1947-нің қайғысы ескі жарадай қабыршықтанып, ұмыт бола бастаған-ды. Ал бұл кісі сол жараның бетін тырнап, қайта қанатты.  Қайтейін, сыр шертпей, сұрланып біраз отырдым. «Қылыш жарасы бітеді, тіл жарасы бітпейді» деген рас екен. Санам астаң-кестен. Өз өмірім, әкеммен бірге мәңгілікке итжеккенде сүйектері қалғандар мен олардың артында қалған жетімдері мен жесірлерінің көрген жан азабы мен тән азаптары көз алдымнан кетпей, іштей булығып қан жұттым.

Мен 1947 жылдың 6 қыркүйегінде дүниеге келіппін. Өмір пердесін ашқаныма үш күн толғанда – Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы «Жұмыскер бригада» колхозының  бастығы Жанұзақов Жаппардың 12.04.1947 ж. өліміне байланысты бір колхозды құраған  шағын екі ауылдың жиырма шақты азаматы Түркістан әскери трибуналының 9 қыркүйектегі үкімімен РСФСР-дің  Қылмыстық іс кодексінің 58-бабының 8, 11,12-тармақтарымен «саяси қылмыскер» деген кінәмен дүние-мүліктері  толық конфискацияланып, 10 жыл мен 25 жыл аралығына сотталған. Солардың арасынан екеуі 13 жылдан соң елге оралды, ал қалғандарының сүйектерінің қайда қалғаны бүгінгі таңға дейін «мемлекеттік құпия» болып келді. Біраз нәрсені білетінмін, бірақ өзіме-өзім «мұндай жерде өзіңді-өзің ақтап, шыж-быж болғаннан сабыр сақтап, қажетті құжаттарды жинақтап, қайта келген дұрыс-ау» деген тоқтамға келдім.

Қауіпсіздік комитетінің қызметкері менің қиналып отырғанымды сезді, бірақ неге қиналғанымды қайдан білсін, керісінше, сұрақтарын жалғастырып:

–  Сіз «Егеменді  Қазақстан» газетін оқисыз ба? – дегені.

– Жоқ.

– Онда сізден өтініш, осы жылдың сәуірінде шыққан басылымының бірінде  «Қырық жыл қарсы барлауда жүргенде бір рет те мүлт кетпеген» деген айдармен шыққан мақала бар,  танысыңыз! – деп, мысқылмен жымия қарағандай болды.

Ойында не тұрғанын кім білсін? Денеме біз сұққандай тітіркеніп, маңдайымнан суық тер шықты. Осымен арадағы сұрақ-жауап аяқталып, булыға сыртқа шықтым.

Ол кездерде  бізге қарағанда ауылдағы ағайындар «Егеменді  Қазақстанға» жақындау болатын.   Сенбіде ауылға тайып тұрдым. Ойым дұрыс шықты. Ағам, Бисұлтанұлы Ерназар, 1996 жылдың 22 сәуірінде шыққан газеттің №78 нөмірін бүктеп, тығып қойыпты. Көңілі құлазыған. Іші алай-дүлей болса керек. Сыр бергісі келмейді, бірақ мен бауырымның жан дүниесін жақсы танимын, жарылайын деп тұр. Мән-жайды айта бергенім сол еді:

– Мә! – деп, газетті алдыма тастады.

Газеттің бір бетіне кезінде НКВД-нің, онан соң Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде көп жылдар бойы тергеуші, кейін Қызылорда облысы қауіпсіздік комитетін басқарып, зейнеткерлікке шыққан Қозыке Бишімбаевтың 70 жасқа толуына байланысты «Қырық жыл қарсы барлауда жүргенде, бір рет те мүлт кетпеген» немесе «Құпия қызмет қырлары» деген айдармен журналист Серік Жұмабекұлының көлемді мақаласы  мен  Қ. Бишімбаевтың мерейтойлық суреті басылыпты. Таныстым.

Апта соңында  телефон  шылдыр ете қалды. Алдым.  Сым тетіктің арғы басындағы кісі:

– Мен облыстық КНБ-денмін. Сізді облыстық қауіпсіздік комитетінің бөлім бастығы ертең жұмыс соңына, 5-терге келсін деп жатыр. Келе аласыз ба? – деді

– Иә, уақыт табуға әрекет етемін. Өзім де елге барып, сіздер талап еткен мәселеге байланысты біраз мән-жайды анықтадым, күтсін! – дедім.

Келесі күні  әлгі «Байеке, «Сіздің әкеңіз қай жылы және қандай жағдайда қайтыс болғанын айтып, жазып бересіз бе?» деп сұрақ қойған бөлім бастығына кірдім.

Әкемнің 1947 жылы Түркістан әскери трибуналының шешіміне сәйкес,  РСФСР Қылмыстық кодексінің  58-8,11-баптарымен сотталып, кейін, 1960 жылы СССР Жоғарғы соты пленум қаулысымен қайта қаралып, барлық сотталғандардың және әкемнің де ақталғандығы туралы  анықтаманы қолына  ұстаттым. Обалы не керек, қызметкер  өзі берген дөрекі сұрағынан өзі ұялып, кешірім өтінді.

Қауіпсіздік комитеті қызметкерлерімен болған әңгіме және репрессия құрбандарының Жоғарғы сот пленумы  қаулысымен ақталғандығы туралы  мәлімет сол күні  Қ.Бишімбаевқа  да  жетіпті. Ол кісі мені тауып, жеке   кездесу ұйымдастыруды комитет қызметкерлеріне жүктейді. Бірақ менің ол кісіден көңілімнің суығаны соншалық – өзімді-өзім  қаншалықты ақылға шақырғаныммен, оның жүзін көргім келмеді.  Мен үшін ол баяғы Абайдың бауыры Шәкәрімді атқызып, сүйегін  34 жыл бойы құдық түбінен алдырмай, шіріткен ГПУ-дің  аудандық басшысы болған Абзал Қарасартовтың, 1930 жылы Қазалы НКВД-нің бастығы болып, «Асан көтерілісін»  желеу етіп қазақтың қанын судай ағызған Өмірзақ Түркебаевтың   «Южный  варианты» деген ойға тоқтағанмын. Аяқ та, көңіл де тартпады. Соның өзінде мен ашуды сабырға жеңдіріп, ҰҚК қызметкеріне мына өтінішті жеткізуін сұрандым:

– Ол кісінің бойында кішкене де болса өз ұлтына  деген жылы сезімі қалса, жазықсыз кеткен аруақтарды сыйласа, онда өзі  қырғынға ұшыратқан «Жұмыскер бригадасына» келсін. Ол ауылдың тұрғындары 1947 жылдың қырғынынан соң ауылда тірек болар жарамды еркек кіндік қалмай, амалсыздан Корниловка, қазіргі Жас Кешу ауылына ауған. Репрессия құрбандарының артында қалған жетім-жесірлерімен ағайын-бауырларының басын қоссын. Болған істі ашық, жасырмай, қоспасыз айтсын. Кешірім сұрасын. Қазақ кекшіл халық емес.  «Алдыңа келсе, әкеңнің құнын кеш!» деген әдет-ғұрыпта тәрбиеленгенбіз. Кешіреміз. Мен де қатысамын. Жалғыз менімен кездесіп, кешірім сұраудың қажеті жоқ. Мен елден биік емеспін, – дедім.

Өтініш сол күні-ақ Қозыкеге айтылды. Амал не? Бұлар кешірімнің мәнін түсінбейді әрі олар үшін кешірімнің қажеті де жоқ. Себебі 1993 жылы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы», 1990 жылы 15 наурыздағы «Мемлекеттік құпия туралы» заңдар нағыз қуғын-сүргін  құрбандары мен  қуғын-сүргіннің зардабын тартқандардың  ар-намысы мен құқықтарын  қорғау үшін емес, керісінше, осы жар күшіктердің ар-намысы мен ожданын қорғау үшін әрі осылардың тікелей араласуымен қабылданған.

Енді шындыққа көз жеткізу үшін Серік Жұмабекұлының 1996 жылғы сәуірдің 23-і күнгі «Егеменді Қазақстан» газетінің №78 басылымында жарық көріп, компьютерлік сканирлеу әдісімен жүйеленген мақаласынан үзінділер беріп, таныстырайын.

ҚҰПИЯ  ҚЫЗМЕТ ҚЫРЛАРЫ ЖҮРГЕНДЕ БІР РЕТ ТЕ МҮЛТ КЕТПЕГЕН

«1947 жылы Түлкібас ауданы «Жұмыскер бригада» колхозында сұмдық бір қайғылы оқиға болды. Колхоз төрағасын әлдекімдер өлтіріп кетіпті. Жұрттың айтуына қарағанда, бұл кісінің өлімі сол маңдағы шешендерден келген сияқты. Соғыс жылдары, соғыстан кейін Қазақстанға жер аударылған шешендер Түлкібас ауданында ауыл-ауыл болып жеке отыратын. Ел іші дүрлігіп, ұлтаралық жанжал өршіп кететін түрі бар. Осы қылмысты ашуды тікелей маған жүктеді. Мен ол кезде әлі 20-ға жетпеген жас жігітпін. Соған қарамастан, 3-4 күннің ішінде тапсырманы мүлтіксіз орындап шықтым. Колхоз төрағасын өлтірген қазақтардың өзі екен. Рулық бақталастықтан шыққан көрінеді.

ҚАРА ҚОЙДЫҢ БАСЫ

Жиырма шақты адам қолға түсті. Бәрі тиісті жазаларын алды. Қайғылы оқиғаның соңы ұлтаралық қанды қақтығысқа ұласып кетпеуі үшін ауданнан, облыстан адамдар келді. Жергілікті тұрғындардан сұрастырсақ, бәрі шешендерге жабады. Сосын, осы ауылдағы жасы 70-ке жақындаған қариямен ақылдасқанды жөн көрдім. Ол кісі: «Балам, қазақта ескіден қалған мынадай бір жаман дәстүр бар. Егер бірнеше адам бір адамды өлтіреміз деп шешсе, олар қара қойды сояды да, өзара пәтуаласып, бата жасасып, қойдың басын суға тастайды. Ішек-қарнын басқа жерге апарып көмеді, осыны еске сақтағайсың», – деп, сөзінің соңын жұмбақтай аяқтады.  Байқаймын, қария маған тұспалдап бағыт беріп отырғандай. Өзі де бірдеңені білетін тәрізді, бірақ ашық айта алмайды.

Бұл әңгімеден кейін ауылдың шетінде ағып жатқан өзеннің бойын шарлауға кірістім. Біраз жүргеннен кейін, айтқандай-ақ, жылғаның шетіне тамандау, тайыз жерде жатқан қара қойдың басын тауып алдым. Шал бекерден-бекер бірдеңені меңземегеніне көзім жете бастады. Ауданнан келген прокурорға қойдың басын дерек ретінде іске тіркеттім. «Жіптің ұшы» қолға іліккендей. Енді не істеу керек? Сол қарияның өзін «қыспаққа» алсам ба деп бір ойланып тұрдым да, тағы да алға қарай жүре түстім.

Өзенді қиғаштай кесіп өтіп, қарсы жағадағы белеске қарай өрлеген жалғыз аяқ жолдың сұлбасын байқадым. Ол жақта ел жоқ сияқты еді. Осы белес бір сырды бүгіп жатқандай әсер етті. Суды кешіп, жалғыз аяқ жол бойымен белеске көтерілдім. Біраз жер жүргеннен кейін алдымнан жалғыз үй кезікті. Үй иелерімен сөйлестім. Ешқайсысының ештеңе айтқысы жоқ.  Сосын, ақырындап шарлауға кірістім. Сөйтіп жүргенімде анадай жерде бір елеусіздеу жердегі жас топырақ үйіндісін көзім шалды. Қаздырып қарағанда жас сойылған қойдың ішек-қарны шықты. Соңынан қара қойдың терісі де қолға түсті. Бұдан кейін бұл үйдегі ересек адамдардың бәрі қамауға алынды.

Тергеу барысында олар түгелдей шындықты айтты. Билікке таласқан басқа рудың өкілдері, сөйтіп, жазықсыз жанның жанын қиған».

Міне, тергеушінің версиясы бойынша жазықсыз жан – Жаппар Жанұзақов билікке таластың құрбаны болған.

АЛ ЕНДІ ҚҰЖАТТАР НЕ ДЕЙДІ?

«Осы, тергеуші Бишімбаев версиясында айтылған айғақтар рас па?» деген сұрақты мен  де  өзіме қойып, «құпия» құжаттармен  толық  танысуды қалған  өмірімнің мәні етіп, 1996 жылдан бері ізденісте болдым.

«Ақтау туралы» және «Құпия туралы» заңдардың әлсіздігінен әрі әділетсіздігінен 24 сот процесіне қатысып, ұтылдым. Барлық деңгейдегі өкілетті органдардың да алдынан өттім, бірақ қылмыстық іске байланысты құжаттармен таныса алмадым. Содан, амал жоқ, Ресей Федерациясының және Өзбекстанның мемлекеттік мұражайларымен жұмыс жүргізіп, 2015 жылы СССР Жоғарғы сотының 1960 жылғы пленум хаттамасы мен шешімін алып, шындықтың біраз бетін аштым. Осының арқасында республикамыздың өкілетті органы – ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпарат-аналитикалық орталығы  25.08. 2017 ж. № Б-3430/1  хатымен  бұл «құпияларға» деген өздерінің азаматтық ұстанымын өзгертіп, құпиясыздандыру жұмысын бастайтынын хабарласа, 2019 жылдың 10 ақпанында  Жаппар Жанұзақовтың өліміне байланысты  «құпия» қылмыстық істің үш томдық құжаттарын қолыма ұстатып, имандылық танытты.

Құжатпен таныссам, саяси қуғын-сүргін құрбандары өздеріне қатысты тергеу амалдары заңсыз өткенін өкілетті органдарға жазып отырыпты. Соның арқасында КСРО-ның өкілетті органдары  тарапынан 1957-58 жылдары қайта тергеу амалдары  мен сот экспертизалары жүргізілген.

Қосымша жүргізілген осы тергеу материалдары мен экспертиза қорытындысын  басшылыққа алған КСРО  Жоғарғы сотының 10.02.1960 ж. пленумы  «…дело с органами следствиясфальсифировано» дей отырып,  тергеу амалдарының  директиваға сәйкес жүргізілгенін меңзейді. Ал тергеушінің 1947 жылы Жанұзақов Жаппардың өліміне байланысты  жүргізген «процессуалдық  іс-әрекеттерін» КСРО Жоғарғы сотының  хаттамасы мен қаулысы  былай көрсеткен: «…признание осужденных в убийстве председателя колхоза нельзя признатьза доказательство, так как в жалобе после осуждения указанные лица заявляли, что признали себя виновными в этом тяжком преступлении под физическимвоздействием  следователей».

Мысалы, сотталып кеткен 20-ның бірі Еркінов Есқара 15.05.1955 ж.  СССР бас прокуратурасына жазған арызында және 29.05.1957 ж. осы іске байланысты қайта тексеру жүргізген Иркутскінің ИТЛ УВД тергеушілері Чуиский мен Саперовқа берген хаттама-түсініктемесінде қылмысты мойындауын былай түсіндірген: «…Они избивали, холодной водой обливали, собакой травили, скручивали головы и руки специальными железами и резиновым обручем, надевали специальные рубашки и стягивали всех членов тела.  Я потерял зрение, речь, слух. Стал инвалидом». «Протоколы допроса следователи… записывали заранее, как им было необходимо… я был вынужден подписывать такие протокола», – дейді Есқара көкеміз.

Міне, мойындамастан басқа амал жоқ: не ажал, не өмір. Мойындаудың арқасында 13 жылдан соң елге оралды.  Ал мойындамағандардың бірде-біреуі елге оралмады. Есқара өкілетті органдарға берген арыздарында ағасы Есмағанбет екеуінің Жанұзақовты өлтірген күні түнімен үйде болғанын дәлелдейтін, Қазима, Оразкүл, Хатира, Сейсекүл т.б. куәгерлер болғанын, бірақ бұл куәгерлердің бірде-біреуі куәгерлікке шақырылып, олардан түсінік те алынбағанын көрсеткен.

КСРО Жоғарғы сотының материалында «…Дополнительной проверкой установлено, что осуждены наосновании противоречивых показаний обвиняемых и сфальцифированных доказательств» дейді.

Мысалы, куәгерлікке алдын ала дайындалған Баршагүлден Жаппар өліміне 50 күн толғанда,  03.06.1947 ж. мына мәтінде қосымша:  «…Бисұлтан совместно с Қалабаем должны были зарезать барана, принадлежащим Байсбаевым, погрузить наишака и отправить в балку и непосредственно участвовать участие в убистве Жаппара», – деген  түсініктеме алынып,  менің әкем Шөжекбаев Бисұлтан  кейінгі, қосымша тізімге ілінеді.

Сол күні ОҚО УМГБ-нің аға тергеушісі, капитан Алтунбаевтың «…преступление носит террористическии характер и одним из участников этого убиства является Чужекбаев Бисултан» деген   тұтқындауға шешімі  шығып, оны УМГБ басшысы Сергунов  03.06.1947 ж. бекітіп, ОҚО прокуроры,  аға әділет кеңесшісі Ягненков   сол күні Бисұлтанды  абақтылауға санкциялайды.

Күн айналмай, 04.06.1947 ж. түнделетіп тергеу тобы Бисұлтанның табалдырығын аттап,  төрде жатқан ұйқыдағы ағам Ерназарды сирағынан ұстап қарсы дуалға лақтырғанда, анам Ақжарқын  есінен танады. Содан есін енді жиып, не істерін білмей абыржып тұрғанда тергеуші шырылдап жылап жатқан Ерназардың сирағына қайта жабысып: «Бай керек пе, бала керек пе?» деген өзінің «ең сүйікті» сұрағын қойып, анама дайындап алып келген «протокол допросын» ұсынады. Анамның қол қоюдан басқа амалы болмаған.

«Жабағы тонның биті ащы, жаман адамның тілі ащы»  демекші, 1947 жылы бұл ауылдағы аналар  мен әкелер үшін осы сұрақтан ащы сұрақ болмаған. Қозыкенің алдында «жиырма шақтының» бәрі де мойындап,  бауыры бауырын, әйелі күйеуін, ағайын-туыстары да бірін-бірі ұстатып, ұлттық бейне мен адами қасиеттерден жұрдай болды.

«Далее, обвиняемые показывали, что они наносили  Джанузакову удары  обыкновенными ножами /перочиннымии столовыми/. В действительности же, как это установлено экспертизой, резано-колотые раны Джанузакову нанесены обоюдо острыми ножом типа  кинжала» деп, Жаппардың арнайы дайындалған қанжармен өлтірілгені  де  кейінірек дәлелденеді.

Ең сорақы сәті «органам следствия было известно в ходе предварительного следствия из показания свидетелей.… однако этот свидетель /Төлешов Райымқұл/ даже не был допрошен несматря на известность следствию, что он был очевидцем преступления».

Жанұзақовты «өлтірген» деп табылған кісілердің киімдеріне жағылған қан құрамының өлген кісінің қанымен сәйкес еместігі де Ташкентте жүргізілген сот-медициналық экспертиза қорытындысымен дәлелденген. Бірақ 1947 жылғы сот процестерінде бұл ақиқатқа да мән берілмеген.

«…В материалах дела имеются и другие доказательства, из которых видно, что убийство Джанузакова совершено неосужденными по данному делу, а другими лицами…»

Жанұзақов Жаппарды қанжар сұғып өлтірген «другими лицами»-дің бірі Попов Николай Константинович (бүркеме аты – Кулаков Петр Васильевич) болған. Оған бір кездерде Германияның СССР-дегі барлаушысының агенті  деген кінә тағылып, басы қатерге тігіліп,  өмірі істі болумен өтіп, НКВД-нің ерекше бақылауында тұрған өте керекті, есептегі   қанішері болған.

Міне, біздің құқық қорғау, сот жүйесінің өз халқынан жасырып, бүгінгі күнге дейін «құпиялап»  келген  ел аумағындағы 113 258 саяси қуғын-сүргін құрбандары мен зардабын тартқандар туралы ел аумағында  жинақталған  «процессуалдық іс-әрекеттердің» әрі «қарсы барлау,  жедел іздестіру қызметі мен өзге де құпияға жатқызылатын деректердің»  мазмұны осы   тектес қылмыстық істер.

1996 жылы, яғни  49 жылдан соң,   тергеуші  Қ.Бишімбаевтың   «қара қойдың басын» мақтанышпен жазып, аруақ шақыруы орынсыз еді. Осы, «Егеменді Қазақстан» газетіне шыққан мақаладан кейін ағам Бисұлтанов Ерназардың жүйкесі сыр беріп, өмірдің мәні мен сәні  кетіп, құлазып,  ақылы адасып, өз еркімен өмірден озды (суицид). Ағам анамды еркелете білетін әрі анамның ашуын да көтеретін «көмпісі» еді. Ол кеткен соң, анам жетімсіреп, артынан ол да кетті. Ағамның артында жеңгем жесір, сегіз баласы жетім қалды. Бұл жағдай біздің отбасымызды қазір де қорлап келеді. Мұндай қорлықты репрессия құрбандарының артында қалған талай жетімдер мен жесірлер, әке-шешелері мен бауырлары көрді.

Сондықтан мұндай қиямет қанды қылмысты өз ортамызда жүрген шенділер мен шекпенділердің ар-намысы үшін «құпиялап», аттарын атамай қалыста қалдырып  отыру кешегі аруақтар мен  бүгінгі және ертеңгі ұрпақ алдындағы қылмыс. Оның үстіне шындықтың дер кезінде ашылмауы  нағыз қылмыскерлерден ұлттық батыр, ал нағыз ел қамын ойлайтын текті  ел азаматтарынан «қылмыскер»  жасады. Осы тарихи құжаттар қазіргі таңда қолды болып, мұражайлардан жоғала бастаған (бұл мәлімет Шымкент қаласы полиция департаментінің ақпарат-аналитика орталығының маған  20.01. 2019 №19829/61берген  хатында  расталды). Бұл деген өз тарихымызды өзіміздің қадір тұтпауымызды білдіреді. Осыны ескеріп, саяси қуғын-сүргін құрбандарына байланысты әрі басқа да ел, мемлекет тағдырымен қатысты құжаттарды сақтаудың жаңа принциптерін заңдастыруды өтініш етіп парламент депутаттарына ұсыныс бердім.

«Өлігін құрметтесе, бабасын қастерлесе,

Халықтың қасиеті бұрынғы қалпына түседі», – деген қытай философиясының негізін қалаушы Конфуцийдің ұстанымын қабылдап,  репрессия құрбандарына деген көзқарасымызды қайта қарап,  келер ұрпаққа сабақ болардай  жаңа ұлттық  рухани ой түйін қалыптастырып, рухани жаңғыруды осы тұншыққан тарихымызды ашудан бастауымыз керек сияқты. Айтпақшы,19.04.1960 ж. Түркістан әскери прокуратурасы КСРО Жоғарғы сотының шешімін басшылыққа алып, «мүлт кетпеген» тергеушімізден түсініктеме алады. Сонда Қ.Бишімбаев: «…я участвовал в качестве переводчика… я больше никаких следственных действии по этому делу участие непринимал», – деп, «Қырық жыл қарсы барлауда  жүргенде мүлт кетпеген» батырымыз  жалт беріп, өзі істеген істерін мойындамай, қашқақтайды. Ал құжаттарға көңіл аударсақ, аудармашылық жұмыспен Садықов, Мейірманов, Муратов, Нуритдинов, Шерниязов т.б. аудармашылар айналысқан. Ал 1996 жылы «Егеменді Қазақстан» газетіндегі мерейтойлық мақаласында «мүлт кетпеген» тергеуші «қылмысты ашу тікелей маған жүктелді» деп мақтанады. Сонда Қ.Бишімбаевтың кім болғаны?

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар