Қазақстан қоржынына Азия ойындарынан кезекті күміс медальдар түсті, деп хабарлайды Alash.kz.
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында отандық дзюдошылар Алмат Әділет пен Ажар Асхат ел намысын абыроймен қорғап, жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Ерлер арасында өнер көрсеткен Азия чемпионы Алмат Әділет жартылай финалда Тәжікстан спортшысы Абубәкір Шеровты вазари әдісімен жеңіп, шешуші кезеңге өткен болатын. Алайда, финалдық белдесуде жарыс қожайыны Сотаро Фудживарамен кездесу барысында қазақстандық дзюдошы денсаулығына байланысты бәсекені тоқтатуға мәжбүр болып, күміс медальді еншіледі.
Ал әйелдер арасында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ажар Асхат жартылай финалда Моңғолия өкілі Анужин Уран-Улзиден вазари және юко әдістері арқылы ұпай жинап, 11:0 есебімен басым түсті. Сенімді жеңіспен финалға шыққан отандасымыз шешуші бәсекеде жапониялық танымал спортшы Рин Маэдаға есе жіберіп, жарысты екінші орынмен аяқтады.