Биылғы көктемде Қазақстанды дүрліктірген жойқын су тасқыны елге үлкен сынақ болды. 70 мыңнан астам адам эвакуацияланып, 12 мыңнан астам үй мен 7 мың саяжай зардап шекті. Су жолдарды шайып, құнарлы жерлерді бүлдіріп, мыңдаған тұрғынды баспанасыз қалдырды.
Мемлекет шұғыл әрекет етіп, өтемақы мен қолдау шараларын іске қосты. Президенттің ынтымақтастыққа шақыруы халық пен бизнес арасында кең қолдау тапты. Бизнес-қауымдастық алғашқы болып көмекке келіп, зардап шеккендер үшін 250,5 миллиард теңге жинады. Бұл іске ірі компаниялар, кәсіпкерлер мен қарапайым азаматтар белсене қатысты.
Қомақты қаражат аударған ұйымдар арасында «World Green Company», «Jusan Bank», «Kaspi.kz», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан халқына» қоры және «Samruk-Kazyna Trust» бар. Ал Мухамед Избастин, Айдын Рахымбаев, Еркін Тәтішев және басқа да кәсіпкерлер жеке үлестерін қосты. Мысалы, Мухамед Избастин «Қазақстан халқына» қорына 450 миллион теңге аударып, өз пікірінде: «Қиындықты тек бірлік пен ортақ күш-жігердің арқасында жеңе аламыз» деп атап өтті.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар барысында бизнес тек қаржылай емес, сонымен қатар материалдық қолдау көрсетті. Мәселен, «Allur» зауыты эвакуациялау үшін арнайы техника мен 250-ге жуық маманды жұмылдырса, «AGROMASH» зауыты жатақханасын зардап шеккендерге ұсынды.
Сонымен қатар, Орал қаласы іргесіндегі саяжай тұрғындарына 71 пәтер берілді. Жаңа пәтерлер демеушілердің қаржысына сатып алынды.
Моңғолиядағы Баян-Өлгей аймағына қарасты Өлгей ауданының оқушыларыда Қазақстандағы су тасқынынан зардап шеккен халыққа қолдау білдіріп, видеосәлемдеме жолдады. "Отандастар қоры" баспасөз қызметінің хабарлауынша, Өлгей ауданында орналасқан №1 жалпы білім беретін мектебінің 6 "Б" сынып оқушылары Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен аймақ балаларына 200 мың төгрөг ақша аударды. Сондай-ақ олар видеожолдауда қазақстандық балаларға қолдау білдіріп, Моңғолиядағы қандастарды Қазақстан халқын қолдауға үндеді. Бұл дәстүр қазақ халқының терең тарихынан тамыр алады. Асар, жылу жинау, шүлен тарату сынды қайырымдылық дәстүрлері қиын кезеңдерде көмекке келудің символы болды. Ислам дінінің негізінде жатқан садақа беру дәстүрі де қазақ мәдениетінің ажырамас бөлігі.
Бүгінгі таңда елде жүздеген қайырымдылық ұйымдары жұмыс істейді. Солардың ішінде «Қазақстан халқына» қоры ерекше орын алады. Қор денсаулық сақтау, білім беру және табиғи апаттардан зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша маңызды әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асырып келеді. Оның жұмысын ірі әлеуметтік жауапты бизнес қолдап, айтарлықтай қаржылай үлес қосуда.
Қиындықтарды жеңуде қазақстандықтардың бірлігі мен жанашырлығы елді ерекше ететін басты қасиет екені тағы да дәлелденді. Су тасқыны – қоғамымыздың ынтымақтастығы мен мейірімділігінің жарқын көрінісі болды.