Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстанның мұнай кен орындары 15-17 жылға ғана жетеді - экономист-сарапшы

10:08, 09 қазан 2023 215
Экономист-сарапшы Мұрат ҚАСТАЕВ алдағы уақытта экологиялық мәселелер елдің күрделі экономикалық проблемаларына әкелуі мүмкін екенін NEGE-ге берген сұхбатында айтыпты. «Бұрын тек экологтар мен табиғатты қорғаушы белсенділерді алаңдататын климат өзгерісі енді әрбір адам баласына тікелей әсер етеді», – деген Мұрат Қастаев елде жауын-шашынның аз болуы, суармалы жерлердің азаюы ауыл шаруашылығына зардабын тигізеді деп отыр.



– Жеріміз ұлан-байтақ болса да, оны тиімді пайдалануға мүмкіндік болмайтын сияқты. Таза су көздері де азайып бара жатыр, Орталық Азия елдерінде су тапшылығы 20-30 жылдың ішінде үлкен проблемаға айналады. Саны өсіп жатқан халық су бар жерлерге ығыса бастайды, үлкен миграциялық толқындар пайда болады.

Мысалы, Қазақстанда жеткілікті су көздері тек оңтүстік-шығыс, шығыс және солтүстік аймақтарда бар. Яғни оңтүстік, батыс, орталық өңірлерде су тапшы болады. Оған қоса Каспий тартыла бастады, бұл процесс тез қарқын алса, еліміздің батыс өңірлері экологиялық апатқа ұшырауы мүмкін, Балқаш су айдыны да азайып жатыр, – дейді ол.

Сондай-ақ сарапшы алдағы бір-екі онжылдықта әлем балама энергия көздеріне көшіп, мұнайдың бағасы төмен түсіп кетуі мүмкін екенін және Қазақстанның мұнай қорлары таусылатынын еске салды.

– Мысалы Қазақстанның мұнай кен орындары тек 15-17 жылға жетеді. Яғни «мұнайымыз шексіз көп және соның арқасында әрі қарай жайбарақат өмір сүреміз» деу қате.

Сонымен, тек осы мұнай мен климат мәселелерін ғана алсақ, Қазақстанда олардың алдын алуға немесе зардабын азайту үшін шамамен 20 жылдай уақыты бар. Осы алдағы 20 жылда еліміздің тағдыры шешіледі.


Не біз технологиялық тұрғыдан дамыған, экономикасы заманауи, елдің денсаулығы жақсы, білімі жоғары, әлеуметтік дамыған елдердің қатарына қосыламыз, немесе керісінше, мүмкіндіктерін пайдалана алмаған, ресурстарын жеп-ішіп тауысқан, болашағын ойламаған, әлемдегі үшінші елдердің біріне айналамыз.

Ал 20 жыл дегеніміз – тарихи ауқымда қарағанда өте қысқа мерзім, – дейді экономист Мұрат Қастаев.

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар