Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстандық сумошы Ерсін Балтағұл Жапонияда тарихи жүлде алды

20:34, 27 қаңтар 2025 431
Қазақстандық кәсіби сумо шебері Ерсін Балтағұл Жапонияда өткен Хацу бащё – 2025 кубогінде үшінші орынға ие болып, ел тарихындағы маңызды жетістікке қол жеткізді, деп жазады Alash.KZ.
 
Ол кәсіби сумода осындай жетістікке жеткен алғашқы қазақ спортшысы. Оның спорттағы лақап аты – Кинбозан Харуки. 
15 күнге созылған турнирде Кинбозан Харуки қарсыластарын 13 рет жеңіп, 2 рет жеңілді. Ақтық кезеңге үш балуан – қазақ Кинбозан Харуки, моңғол Хошорю Томокацу және жапон Охо Коносукэ бірдей нәтижемен шықты. Чемпионды анықтау үшін қосымша раунд ұйымдастырылды. Бұл раундта жерлесіміз қарсыластарына есе жіберіп, үшінші орынға табан тіреді. Моңғол балуаны Хошорю Томокацу чемпион атанды.
 
 
Ел арасында Император кубогі атанып кеткен жарыста үздік үштіктен көрінгені үшін Ерсін Балтағұл  жеңіске деген жігері үшін кантосе жүлдесін және 12,8 мың доллар алады. Сондай-ақ, оның сумодағы рейтингі жоғарылайтын болады. Қандай дәреже берілетінін алдағы уақытта Жапония сумо федерациясы хабарлайды.
 
Ерсін Балтағұл деген кім?
informburo.kz сайтының жазуынша, Ерсін Балтағұл – Алматы қаласының тумасы. Жасы 27-де. Бұған дейін Ерсін дзюдомен және қазақ күресімен айналысқан. 18 жасында моңғолдан шыққан атақты сумошы Асашери Акиноридің (шын есімі Долгорсурэнгийн Дагвадорж) ұсынысымен Жапониядағы орта мектепке ауысып, сумо күресінен әуесқойлар жарысына қатыса бастады. Кейін Нихон университетіне түсіп, студенттік сумо клубына қосылды.
Университетті бітіргеннен кейін Ерсін жасөспірімдер арасындағы Жапония чемпионаты сияқты турнирлерде үздік сегіздікке қол жеткізген әуесқой балуандарға берілетін ынталандырулардың арқасында төменгі екі дивизионды өткізіп жіберіп, санданме дәрежесінен бастау алатын кәсіби сумомен айналыса бастады. Кейін Кинбозан лақап атымен Кисе тобына қосылды. Оның бұл аты Киседегі тәлімгерінің кіші отаны Кумамото префектурасының үстіндегі таудың құрметіне қойылған.
 
Айта кетейік, Ерсін Балтағұл қазір Макуути дивизионында өнер көрсетеді. Оның бойы – 195 см, салмағы – 178 келі.
"Ерсін Жапонияға өзі барып, өз еңбегімен қазіргідей жетістікке жетіп жүр. Өз еңбегімен тек Қазақстан емес, Орта Азияның атағын шығарып жүр. Бір өзі тарих жасап жатыр деуге болады. Оның осы жетістігінің арқасында Қазақстанда сумо туралы айтыла бастады. Алайда Ерсін бұған дейін де көптеген жетістікке жетіп жүрген. Атап өтер болсақ, өткен жылы желтоқсан айында сумоның екінші дивизионында жеңімпаз атанған. Одан бұрын да жақсы нәтижелерімен кезге түсті, бірақ әлі де аз. Бұрынғы жетістіктерін біздің қоғам білмеді. Тек осы жетістігіінен кейін тани бастады. Ерсін туралы көп ақпарат берсек, жастар естіп, осы сумо спортына қызығушылықтары оянады", – дейді спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы.
 
Қазақстанда сумо қаншалықты дамыған?
Ерсін Балтағұл – қазір кәсіби сумода жүрген жалғыз қазақ балуан. Оған дейін 2003-2014 жылдары аралығында Сүйеніш Құдыбаев деген ақтаулық балуан ел намысын қорғап жүрген еді. Оның сумодағы лақап аты Казафузан Тайга болатын. Ол – қазақстандық алғашқы сумо балуаны болып тарихта қалады.
"Біздің елде сумо күресі онша танымал емес. Бұрын Алматыда сумо федерациясы ашылыпты дегенді естігенмін. Кейіннен жабылып қалғандай болды. Жалпы, елде сумоны дамытамыз десек, ең бірінші, іргетасын дұрыс қалау маңызды. Сосын сумоның қыр-сырын толық білетін адам керек. Ерсінге дейін Сүйеніш Құдыбаев деген қазақ сумошысы Жапонияда 10 жылдай күресіп келген. Қазақстанда күреспен айналысып, кейін тастап кеткен тау тұлғалы жігіттер де көп. Сондай жігіттер арқылы қолға алуға болады деп ойлаймы", – дейді спорт сарапшысы Анық Көкенайұлы.
Макуути дивизионының ерекшелігі неде?
Сумо – жапондардың ұлттық күресі. Негізінен мұнда салмағы өте ауыр балуандар кілемге шығады. Сондықтан да күрескердің бойы ұзын, денелі және ауыр болса сол көбірек жеңіске жетеді.
Жалпы алғанда сумода 6 дивизион бар. Макуути – соның ең жоғары сатысы. Бұл дивизионда 42 балуан өнер көрсетеді. Олардың барлығы – толыққанды кәсіби спортшылар және "сэкитори" деп аталады.
Әр турнирде (басё) макуути дивизионының әрбір балуаны 15 кездесу өткізеді. Жеңістер мен жеңілістер саны олардың рейтингін анықтайды. Турнир қорытындысы бойынша ең көп жеңіске жеткен балуан Император кубогын иеленеді. Егер екі немесе одан да көп балуан бірдей жеңіс санына ие болса, қосымша кездесулер өткізіледі. Сонымен қатар, ерекше жетістіктері үшін арнайы сыйлықтар (сансё) беріледі.
Макуути дивизионында балуандар бес негізгі дәрежеге бөлінеді:
 
Ёкодзуна (жоғарғы дәрежелі чемпион)
Одзэки (екінші жоғарғы дәреже)
Сэкивакэ
Комусуби
Маэгасира
 
Әр дәреже шығыс (хигаси) және батыс (ниши) болып бөлінеді, мұнда шығыс жағы батысқа қарағанда жоғарырақ саналады. Дәреже неғұрлым жоғары болса, балуанның мәртебесі мен табысы соғұрлым жоғары болмақ. Мысалы, ёкодзуна дәрежесіне жеткен балуан сумо тарихында ерекше орын алады және бұл дәреже өмір бойы сақталады.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар