Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Қазақстан түрмелерінде 43 адам өзін өзі өлтірмекші болған

18:19, 27 мамыр 2024 659

Қазақстанның 62 колониясында 32 мың адам  жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz сайты.  

Оның айтуынша, қазір елімізде 78 мекеме жұмыс істейді: 62 бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеу орны және 16 тергеу изоляторы.

«Онда 37 мың адам бар: оның 32 мыңы сотталғандар,  ал 5 мыңы тергеу кезінде қамауға алынғандар. Сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылуына жол бермеу және мекеме қызметкерлерінің арасындағы тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында президент барлық колонияға бейнебақылау жүйесін енгізуді тапсырған болатын. Бүгінгі таңда 39 мыңнан астам бейнекамера орнатылған», - деп жазды Azattyq Ruhy брифингтегі мәлімдемеге сілтеп.

Бейнекамераларда аналитика және бақылау функциялары қарастырылған. Сондай-ақ, тыйым салынған аймаққа кірген немесе объективі жабылған кезде дабыл жіберетін мүмкіндігі бар. Ондағы бейне Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің ахуалдық орталығына, сондай-ақ, прокуратура органдарына шығарылған. Бұл жағдайды нақты уақыт режимінде тұрақты түрде бақылауға мүмкіндік береді.

Әлекешевтің сөзіне сенсек, бұл шаралар оң нәтиже беріп отыр.

«Қызметкерлердің заңсыз әрекеттеріне қатысты шағымдар 8 есе қысқарды. Жүйе іске қосылған сәттен бастап сотталғандар тарапынан жасалған 24 мыңға жуық заң бұзушылық анықталды. 43 суицид және 4 қашу әрекетінің алдын алды, яғни жол берілмеді. Тәртіпсіздікке ұласуы мүмкін 9 жанжал дер кезінде тоқтатылды», - деді ІІМ ресми өкілі.

Бұдан бөлек бейнекамералардың арқасында тыйым салынған заттарды жеткізбек болған 151 адам ұсталды. Олар 267 телефон, 33 литр спирттік ішімдік пен 2 келіге жуық есірткі алып кірмек болған.

Қазір әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке 58 адам тартылып отыр.  88 адамға қатысты сот шешімі шықты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар