Қазақстан Халық Кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитеті өзінің алғашқы отырысын өткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Жиналыста Мемлекет басшысының азаматтық қоғам институттарына жүктеген міндеттерін жүзеге асыру жайы талқыланды. Басқосуға Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Хатшылық басшысы Қанатбек Жайсанбаев қатысты. Отырыс барысында кеңес мүшелері өңірлік даму, кәсіпкерлік, экология және әлеуметтік жауапкершілік бойынша салалық комиссияларға бөлініп, жұмыс ережелерін бекітті.

Комитет төрағасы Табиғат Зейнұлқабден қоғамдық кеңестермен өзара іс-қимылды үйлестірудің маңызын тілге тиек етті.
«Қазақстан Халық Кеңесінің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің қызметі қоғамдық кеңестердің өзара іс-әрекетінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ азаматтық қоғамның негізгі бастамаларын біріктіруге және сараптамалық тұрғыда қолдауға бағытталған. Жұмыстың басым бағыттарының бірі – қоғамдық сұраныстарды анықтау, оларды сараптамалық тұрғыдан зерделеу және Қазақстан Халық Кеңесінің қарауына енгізу үшін нақты ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болады», – деді Табиғат Зейнұлқабден.

Өз кезегінде Ерлан Нысанбаев «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын жүзеге асыруда Халық Кеңесінің рөлі зор екенін ескертіп, Президент сөзін мысалға келтірді:
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қазіргі экология тек климат мәселесімен шектелмейді. Бұл – адамзат тіршілігінің түп негізі» деп атап өтті. Шынында да, экология тек табиғатты қорғаудан тұрмайды. Оған азаматтық жауапкершілікпен, құқықтық санамен және болашақ ұрпақ алдындағы парызымыз деп қарау керек. Экологиялық мәдениет біз үшін таңсық ұғым емес, ол ұлттық құндылықтарымыздың негізі. Халқымыздың «Бір тал кессең, он тал ек», «Судың да сұрауы бар» деген қанатты сөздері табиғатты қорғау мен аялау қанымызда ертеден бар қасиет екенін дәлелдейді. Осы ұстаным азаматтардың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс», – деп айтты ол.
Сондай-ақ «ECO Network» жобасының негізін қалаушы, EN Social қоғамдық қорының директоры Евгений Мухамеджанов Ата заңдағы экологиялық мәдениеттің орнына тоқталып, жиналғандарды цифрлық жобалармен және мектептерге арналған мобильді қосымшамен таныстырды:
«Бүгінде «Таза Қазақстан» – Президенттің Конституцияда бекітілген негізгі бағдарламаларының бірі. Оның маңызы ұлттық мәдениеттен де жоғары деңгейде айқындалған. Меніңше, бұл дұрыс, өйткені компаниялар әлі де қоршаған ортаға зиян келтіріп отыр. Табиғатты басты басымдық ретінде қарастыратын жүйеге көшкен кезде, Президент айтып отырған міндеттерді жүзеге асырып, барлық негізгі бағдарламаларды орындауға мүмкіндік аламыз. Сонда Конституция шын мәнінде біздің болашағымызды қорғайтын маңызды құжатқа айналады. Бүгінде Қазақстанның әр қаласында «Таза Қазақстан» қағидаттарын қалыптастыруға және еліміздің тұрақты дамуына үлес қосып жүрген пікірлес азаматтардан құралған қауымдастықтар жұмыс істейді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстарымыз бен жинақтаған тәжірибеміз одан әрі нығая түседі деп сенеміз», – деді Е.Мухамеджанов.
Мұнымен қоса, Нұртай Сабильянов экономикалық даму, өңірлер әлеуетін көтеру және шағын мен орта бизнесті қолдау мәселесін көтерді. Отырыста айтылған барлық ұсыныстар мен экологиялық, ауылдық аймақтарды дамыту жобалары мемлекеттік органдармен бірлесе атқарылатын қорытынды жұмыс жоспарына енгізіледі.
