Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қазақ музейін ашқалы тұрмыз» - Потаниннің Әлиханға жазған хаты

21:26, 06 сәуір 2024 444

Қымбат досым Ә.Н.-ұғлы!

Қарқаралы оязына менімен жолдас болып барған Уткина ханым қазақ оюларының суретін түсіріп алып келіп еді. Сол ою-өрнектері Томдағы қол өнері комитетінің мәжілісінде көрсетілді. Комитетте ою музейін иәки заман ою быстабкасын (көрмесін) ашуға сөз бекітілді. Сондай быстабкалармен қазақ халқының, әсіресе қазақ оюларын шығарған қазақ әйелдерінің есіне басқалардың ілтипат назарын сүйкімін түсіруге болар еді деп ойлаймын.

Қазақта ою-өрнектер - әйел һөнері, ақындық, домбырашылық - еркек һөнері. Қарқаралыға барғанымнан басымда талай пыландар туып тұр. Мәселен, мұнда қазақ әндерін жиюшы Анухин деген бар. Қазақ әндерін жазып алуға соны Қарқаралыға жіберсек деп тұрмыз. Томскіде қазақ әншілеріне консерт бергізсек (ән салғызсақ) деген де ойымызда бар.

Географишеское общестуоның Омскі отделінде қазақ жайынан һәр түрлі мағлұмат жиятын, қазақтың ертегі, өлең және басқа сол сияқты нәрселерін жиятын комиссие ашу мәселесін қозғамақ ойымда бар.

Томскідегі қолөнерінің комитетінде қазақ музейін ашуға тұрмыз, оған көрсетер көмектерін бар ма деп, музейге керек нәрселерді айтып, сіздің Жақып Ақбаев және Хасен Ақаев достарыңызға хат жаздым. Бұл туралы сізден де көмек болмас па? Көп-көп Тәңірі жарылқасын айтар едім, егер де Торғай, Ақмола, Жетісу және басқа облыстардағы көңілдестеріңізге осы іс жайынан хат жазсаңыз және «Қазақ» газетасы арқылы осыны жұртқа жайып, құлақтандырсаңыз. Бұл іс туралы өз пікіріңізді айтып хат жазбағыңызды өтінемін.

Шын достың Григори Потанин.

«Қазақ», 1914.28.02, №52. Орынбор

Дереккөз: Бөкейхан Ә. Шығармалары. X том.-Астана, 2018 

Alash.kz ұлттық порталы

 

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар