Философия ғылымдарының докторы, антрополог, Назарбаев Университеті социология және антропология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Алима Бисенова қазақтың шығу тегіне қатысты тосын пікір білдірді, деп хабарлайды Alash.KZ порталы KAZINFORM порталына сілтеп.
— Қазақ — құрама халық, моңғол, түрік, иран тектес тайпалардың араласқанынан пайда болған. Ғалымдардың пайымдауынша, қазіргі Маңғыстау мен Атырау өңірінде ежелгі заманда Иран тілдес көшпенділер тұрған. Сарматтар, массагеттер. Олар керемет жауынгер еді. Сол жауынгерлік ерлік пен күшті рухты өзіміздің Кіші жүздің бойынан көруге болады. Қазақта «Ұлы жүзге қауға бер де малға қой. Орта жүзге қалам бер де дауға қой. Кіші жүзге найза бер де жауға қой» деген аталы сөз бар, — дейді Алима Бисенова.
Сонымен қатар, ғалым «Жошы ұлысынан бергі уақыт ішінде қазақ бет келбеті жағынан өзгерді ме?» деген сұраққа жауап берді.
— Жошы ұлысы — мультиэтникалық империя. Яғни, оның құрамында әртүрлі тайпа болған. Атап айтсақ, қыпшақ, найман, китаньдар (қазір жоқ), қатаған және басқалары. Мәселен, Шыңғыс хан ақшыл сары адам болған. Бір отбасында, бір рудың ішінде келбеті бір-біріне ұқсамайтын адамдар болуы мүмкін. Сары, қара шашты, ұзын бойлы немесе тапал деген сияқты. Бес саусақ бірдей емес, — дейді спикер.