Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

"Қатты өкіндім…”: Марқұм Мұрат Бисенбиннің соңғы сұхбаты жарияланды (ВИДЕО)

12:00, 10 қаңтар 2026

Қатерлі ісікпен күресіп, өмірден өткен қазақстандық актер Мұрат Бисенбин журналист Динара Сәтжанға берген соңғы сұхбаттарының бірінде денсаулыққа бейжай қарамауға шақырған, Alash.kz.

Актердің айтуынша, адам жылына кем дегенде бір рет толық медициналық тексеруден (чекап) өтіп тұруы тиіс. Оның сөзінше, көптеген ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік бар, алайда көпшілік мұны кейінге қалдырып жатады.

«Жыл сайын бір рет чекаптан өту керек. Қазір түрлі ұсыныстар бар. Қолыңызда мүмкіндік болса, бірден тексеріліп алыңыз. Ертең не ішемін, қалай күн көремін деп ойламай-ақ қойыңыз. Ең көбі 1000 АҚШ долларын жұмсайсыз. Бірақ сол арқылы ауру дер кезінде анықталуы мүмкін. Бұл тек қатерлі ісік емес, басқа да сырқаттардың алдын алуға көмектеседі. Мен чекаптан өтпедім. “Маған не үшін, еш жерім ауырмайды” деп жүре бердім. Кейін денсаулығыма салғырт қарағаныма қатты өкіндім», – деген еді ол.

Сондай-ақ актер ұзақ жылдар бойы спортпен айналысса да, салмақ қоса алмағанын айтып, бұл жағдайдың кейін диагноздың алғашқы белгісі болғанын жеткізген.

«Алты жылдан бері ашығу режимін ұстандым, спортпен шұғылдандым. Бірақ салмағым өзгермеді. Әйелім алаңдай бастады. Егер асқазанда мәселе болмаса, ара-тұра ашығып тұруға болады деп ойладым. Сонымен қатар алты жыл бойы ашқарынға энергетикалық сусын ішіп, қантсыз коланы күні бойы пайдаландым. Бұлар тәбетті тежейді деп есептедім. Кейін білдім: салмақ қоса алмау – менің диагнозымның алғашқы белгісі екен. Ал бұл сусындар денсаулығыма зиян тигізіп, қатерлі ісікке шалдығуыма әсер етуі мүмкін», – деп ескерткен актер.

Мұрат Бисенбиннің бұл сөздері көпшілікке денсаулықты ерте тексерудің, зиянды әдеттерден сақтанудың маңызын тағы бір мәрте еске салады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар