Каспий теңізінде Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде 19 әскери қызметші суға кетіп, оның 9-ы қайтыс болды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында, Каспий теңізінің жағалауында орын алған. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, тапсырманы орындау барысында ауа райы күрт нашарлап, жел күшейген. Осының салдарынан 19 әскери қызметкерді теңіз ағыны алып кеткен. Соңғы деректерге сәйкес, судан 9 адамның мәйіті табылды, ал 3 әскери қызметші құтқарылып, олардың біреуі емдеу мекемесіне жатқызылды. Қазіргі уақытта суға кеткен қалған әскерилерді іздестіру-құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
«Оқу-жауынгерлік міндеттерді орындау барысында ауа райының күрт нашарлауы және желдің күшеюіне байланысты әскери қызметшілерді теңізге алып кеткенін ауыр күрсініспен хабарлаймыз. Алдын ала мәлімет бойынша теңізге 19 әскери қызметшіні алып кеткен. Қазіргі уақытта оның 9-ы, өкінішке орай қайтыс болды. Үш әскери қызметші құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деп хабарлады Қорғаныс министрлігі.