Қазақстанда кәмелетке толмаған бойжеткеннің зорлық-зомбылыққа ұшырауына байланысты сұмдық дерек әлеуметтік желіде тарап, қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл қайғылы оқиға туралы ақпаратты әлеуметтік желіде белгілі құқық қорғаушы Ләззат Рақышева бөлісті. Бойжеткеннің әпкесі Human Rights Lawyers қорына арызданып, құқықтық көмек сұраған. Әйелдің айтуынша, оның кәмелетке толмаған сіңлісін үйленген ер адам зорлаған. Желіде таралған мәліметке сәйкес, бойжеткеннің жүкті болып қалғанын білген бойда әлгі ер адамның анасы мен әпкесі оны жасырын түрде түсік жасатқызуға (абортқа) алып барған. Жапа шеккен бойжеткеннің жақындары бұл масқара оқиға туралы бойжеткен өзіне-өзі қол жұмсамақ болған кезеңге дейін ештеңе білмеген. Ман-жайды толық ұққан бойжеткеннің туыстары полицияға барып арыз түсірмек болғанымен, құқық қорғау органдарының қызметкерлері арызды тіркеуден бас тартып, қажетті процестік әрекеттерді жүргізбей отыр. Қазіргі таңда бойжеткеннің жүктілігіне 19 апта болған. Бұдан бөлек, әйелдің айтуынша, әлгі ер адамның досы бойжеткенді алдап көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа алып кеткен. Жапа шеккен тараптың туыстары заңды көмек көрсетуді, баяндалған жайттардың тиісті деңгейде тексерілуін және бұл қылмысқа қатысы бар барлық тұлғалардың әрекетіне әділ баға берілуін талап етуде.
«Әйелдің айтуынша, оның кәмелетке толмаған сіңлісін үйленген ер адам зорлаған. Ол жүктілік туралы білгеннен кейін, анасы мен әпкесі бойжеткенді түсік жасатқызуға алып барған. Бойжеткен өзіне-өзі қол жұмсамақ болғанға дейін туыстары болған жағдайдан бейхабар еді. Қазіргі таңда бойжеткен жүкті, жүктілік мерзімі — 19 апта. Бұдан бөлек, әйелдің айтуынша, әлгі ер адамның досы бойжеткенді алдап көлікке отырғызып, алып кеткен», — деп түсіндірді құқық қорғаушы.