Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ұлдана Мырзуанның қазасы: Кінәлілер соттала ма? Прокурор жарыссөзде жаза сұрады (ВИДЕО)

12:50, 24 қыркүйек 2026

Астанада қасбеті құлаған тұрғын үйдің астында қалып, фельдшер Ұлдана Мырзуанның қаза табуына байланысты өтіп жатқан сотта мемлекеттік айыптаушы МҮБЖ (ОСИ) төрайымы Сәуле Жұбаниязоваға 2 жылға бостандығын шектеу жазасын сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.

2025 жылдың 8 қарашасы күні елордадағы тұрғын үйлердің бірінің қасбеттік қаптама тастары құлап, үйінді астында адамдар қалған еді. Көмекке ұмтылған 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуан екінші мәрте құлаған қасбет тастарының соққысынан бас сүйек-миының аса ауыр ашық жарақатын алып, көз жұмған болатын. Сотта сөз алған прокурор Саяжан Серікова қайғылы оқиғаның мән-жайын еске салып:

«2025 жылдың 8 қарашасындағы әдеттегі сенбі бірнеше адам үшін өмірді "дейін" және "кейін" деп екіге бөлді. Тұрғын үйдің қасбетінен қаптама тастар құлады. Үйінді астында адамдар қалған. Фельдшерлер Ұлдана Мырзуан мен Дильназ Байзакова зардап шеккендерге көмек көрсету үшін жанына барған. Сол сәтте қасбет екінші мәрте құлаған. 23 жастағы Мырзуан бас сүйек-миының аса ауыр ашық жарақатын алып, кейін көз жұмды», — деп баяндады.

Мемлекеттік айыптаушы қайтыс болған фельдшердің кондиционерден емес, дал осы қасбет тастарынан қаза тапқанын баса айтып, Жұбаниязованың МҮБЖ төрайымы ретінде ғимаратты тиісті деңгейде тексермей, қауіпті аймақты анықтамағанын жеткізді. Ол:

«МҮБЖ төрайымы мүлікті қауіпсіз ұстау мен пайдалануды қамтамасыз ететіндей етіп басқаруды ұйымдастыруға міндетті», — деп толықтырды.

Айта кетерлігі, құрылыс компаниясына қатысты іс тоқтатылған. Себебі үй тапсырылған кезде сапасыз құрылыс үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған, кепілдік мерзімі өтіп кеткен, құрылыс салушы 2022 жылы қайтыс болып, жобалық құжаттамасы да табылмаған. Осыған байланысты айыптау тарапы төрайымның әрекетін қасақана емес, абайсыздық деп танып:

«Сәуле Жұбаниязованы ҚР ҚК 254-бабында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, кез келген кондоминиум объектісін басқарумен байланысты қызметпен айналысу құқығынан 3 жылға айыра отырып, 2 жыл мерзімге бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындауды сұраймын», — деп мәлімдеді.

Сондай-ақ сотта жәбірленуші тарап 45 миллион теңгеден астам моральдық және материалдық шығын өндіруді талап етуде. Оның ішінде Гүлнар Қалиева еңбек қабілетін 50%-ға жоғалтқаны үшін 10 миллион теңге, ал Айнұр Нұрпейісова 35 миллион теңге моральдық өтемақы, 322 554 теңге материалдық шығын және естіту аппаратына 960 мың теңге (әр екі жыл сайын өмір бойы төлеп тұруды) талап етті. Алайда сотталушы бұл арыздарды мойындаған жоқ.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар