Ақтөбеде 17 жастағы мектеп түлегі Әлихан Жәнібековтің өліміне қатысты атышулы сот процесі мәресіне таяп, мемлекеттік айыптаушы айыпталушыға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады, деп хабарлайды Alash.kz.
Жантүршігерлік қайғылы оқиға наурыз айында Шалқар қаласында орын алған еді. Іс материалдарына сәйкес, сотталушы Оралдағы оқуын тастап, екі ауданның жасөспірімдері арасындағы жанжалды естй салысымен туған жеріне арнайы келген. 19 наурызға қараған түні бұқаралық төбелес кезінде ол өзімен бірге алып келген 13 сантиметрлік аңшы пышағымен Әлихан Жәнібековке соққы жасаған.
Марқұмның әкесі Жәнібек Әлиманов сотта бұл әрекеттің қасақана жасалғанын айтып:
«Ол менің ұлымды әдейі өтірді. Өйткені оның қолында жай ғана пышақ емес, шошқа, қасқыр бауыздайтын қанжар — аңшы пышағы болған. Пышақтың ұзындығы 13 сантиметр, оны мектеп оқушысына сұғып алу оңай нәрсе емес», — деп ашына мәлімдеді.
Соққыдан соң жасөспірім оқиға орнында көз жұмды. Алайда сотталушы жәбірленушіге көмек көрсетпей, жедел жәрдем де, полиция да шақырмастан, СТО ғимаратына жасырынып қалған. Бүгінгі сот отырысында сөз алған марқұмның анасы Рауан Ниязмағанбетова 188 күн бойы сөзбен айтып жеткізгісіз қайғыны бастан кешкендерін білдіріп:
«Баламның бізбен бірге болмағанына 188 күн болды. Осы 188 күнде сөзбен айтып жеткізе алмайтындай қайғыны бастан өткердік. Жыламаған күніміз болмады. Оған 20 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және моральдық әрі материалдық шығынды толық өтеуді сұраймын», — деді.
Сотталушы тарап өз кінәсін мойындамай, пышақты тек өзін қорғау үшін суырғанын алға тартуда. Десе де, прокурор Осман Орынбасар айыпталушының қылмысын толық дәлелденді деп есептеп:
«Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 9 және 14-тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған сегіз жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 46-бабы 5-бөлігінің 2-тармағына сәйкес жазаны өтеу қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде белгіленсін», — деп соттан жаза кесуді сұрады.
Келесі жылы 18 жасқа толып, әскерге баруды және мемлекеттік қызметкер болуды армандаған мектеп түлегінің өліміне қатысты соңғы үкім ертең жарияланады.