Кассациялық сот Солтүстік Қазақстан облысының тұрғынына қатысты іске соңғы нүктені қойды. Ол екі ай бойы жүкті әйелін жүйелі түрде соққыға жығып, қорлап келген, деп хабарлайды Alash.kz.
2024 жылдың тамызынан қазан айына дейінгі аралықта ер адам жарының басынан, бетінен, иығынан және ішінен соққы беріп, тұншықтырған, тіпті шаңсорғыш сымымен мойнынан байлап қойған. Ол әйелді үйде қамауда ұстап, қорқытып, дәрігерге баруына мүмкіндік бермеген. Бірінші инстанциядағы сот оны жүкті екені анық белгілі әйелді қинау бабы бойынша кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Апелляциялық сот бұл үкімді өзгеріссіз қалдырды. Сотталушы жазаны жеңілдету мақсатында кассацияға шағымданғанымен, нәтиже шықпады. Сот оның кінәсін толық дәлелденген деп тапты. Жәбірленушінің сөздері куәгерлердің көрсетпелерімен, бейнежазбамен және медициналық құжаттармен толық сәйкес келді. Сараптамалар дене жарақаттарын тіркеп, жүктілік фактісін де растады. Осылайша, кассациялық инстанция мерзімді азайтуға ешқандай негіз таппай, жазаны әділ деп таныды және үкім заңды күшіне енді.