Қазақстанның ақпарат және әдебиет саласы ауыр қазаға ұшырап, белгілі журналист, ақын әрі прозаик Жұмабек Табынбаев дүниеден озды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қаралы хабарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Министрлік таратқан ресми хабарламада: «Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі белгілі журналист, ақын, прозаик, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, «Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі» атағының иегері Жұмабек Айдарбекұлы Табынбаевтың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстары мен жақындарына, әріптестеріне және күллі халыққа қайғырып көңіл айтады», — делінген.
Қаламгер өзінің еңбек жолын сонау 1978 жылы бастаған болатын. Ол өткен жылдар ішінде түрлі өңірлік және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында абыройлы қызмет атқарып, отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосты. Сонымен қатар өзін ақындық пен жазушылық қырларынан да таныта білді. Оның қаламынан туған туындылардың ішінде оқырман қауымға кеңінен танымал «Өмір – керуен» («Жизнь – караван»), «Соғыс шындығы» («Правда о войне») және «Жадымдағы жарқын бейне» («Светлый образ в моей памяти») атты кітаптары бар.
