Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің парақшасында әкесімен қоштасу хатын жариялады, деп хабарлайды Alash.KZ.
"Қайырылмас қаза келіп, қара тауымыз құлады. Қара орманымыз сиреді. Әулетіміздің басына ауыр қайғы түсті. Асқар тау әкеңнің қалқайып отырғаны арқаңды алыпқа сүйегендей көңілге медеу, жаныңа сүйеніш екен. Қанша сыйлап жүрсең де, қанша сырлас болсаң да жүректе орыны толмас қара жылым қалады екен. Жарықтық, көкжал мінезді адам еді. Жайнаған туы жығылмай өтті. Жалғанды жалпағынан баспаса да, жанын кірлетпей, жігерін жасытпай жақсы күнге жеткен кісі болатын. Тек, соңғы бірнеше жылда айықпас дертпен алысты. Сынбай күресті. Алланың бұйрықты күні жетсе, кесімді уақыты бітсе, адамның қолынан не келмек?! Айы біткен айында, күні біткен күнінде барша адамның мәңгілік тыныс табар мекені бауыры суық қара жер екен. Әулетіміздің басына түскен ауыр қайғының тұсында, айналайын, ел мен жұрт, жүрегі шуақ жақсылар жанымыздан табылып, қайғымызды бөліп көтерді. Қасымыздан табылды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлынан бастап, бәрі де ізгі тілеуін, қамқор пейілін көрсетті. Сіздерге Алла жар болғай! Алдағы Алла несіп еткен күндерде баршаңыздың айналаңыз аман, төңірегіңіз түгел есендікте, бес күн дәуреннің сәулелі сәттеріне куә болуға жазсын! Жан әкеміздің жарық дүниемен бақұлдасқанына көңіл шіркін әлі сенбей тұрса да, асқар тауымыздан айырылғанымыз белгілі. Үмітті дұғамызбен мәңгілік мекеніне тапсырдық. Жатқан жерің жарық, иманың саламат болғай, асыл әке! Артыңда қалған әулетің мен жанашыр жақынның тілеген дұғасына періште әумин десін! Бақұл болыңыз, Әке!" дейді жүрекжарды жазбасында.