Жамбыл облысында күйеуінің әпкесіне бас иіп сәлем беруден бас тартқан келін туралы дау сотпен аяқталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Жуалы аудандық соты ер адамның ісін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-бабының 1-бөлімі (отбасылық қатынастарда дөрекі сөз қолдану) бойынша қарады.
Сот мәліметінше, той шарасы кезінде Т. есімді азамат әйелінен дәстүрлі қазақ салтына сәйкес өзінің үлкен әпкесіне бас иіп сәлем беруін сұраған. Әйелі бұл өтінішті орындаудан бас тартқан. Кейін үйге оралғанда, ер адам әйелінің әрекетіне көңілі толмағанын білдіріп, оған дөрекі сөздер айтқан.
Сотта ер адам кінәсін толық мойындап, әйелінен шын жүректен кешірім сұрады және тараптардың медиация арқылы татуласуына байланысты іс жүргізуді тоқтатуды өтінді.
Жәбірленуші болса, күйеуі шешесіне қоңырау шалып, өз қызы мен немерелерін төркініне қайтарып жіберетінін, дөрекі түрде жеткізгенін айтты. Ол да іс жүргізуді тоқтатуды, тараптардың татуласуын сұрады.
Сот шешімімен іс медиация тәртібінде тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Аталған шешім әлі заңды күшіне енген жоқ.