Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Қайғылы жағдайлар әлі де жалғасуда…»: Айжан Аймағанова министрге маңызды сауал жолдады (ВИДЕО)

13:07, 21 қазан 2026

Құрылтайда әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғаудың жаңа сандық тетіктерін енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Alash.kz.

Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі әрі экс-прокурор Айжан Аймағанова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке арнайы депутаттық сауал жолдады. Депутат өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 16 наурыздағы №1204 Жарлығымен отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша Үкіметке нақты тапсырмалар бергенін және бұл міндет партия бағдарламасында да қарастырылғанын атап өтті.

Қоғамды дүр сілкіндірген сұмдық оқиғаларды мысалға келтірген Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова Ішкі істер министріне депутаттық сауалын жолдады:

«Мемлект басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуға ерекше мән беріп, Үкіметке нақты шаралар қабылдауды тапсырды. (2026ж. 16 наурыздағы №1204 Жарлық). Бұл міндет Әділет партиясының бағдарламасында да көрсетілген. Соңғы жылдары елімізде әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында маңызды шаралар қабылданды. Жауапкершілік күшейтілді, алдын алу тетіктері кеңейтілді. Алайда қайғылы жағдайлар әлі де жалғасуда. Соңғы бірнеше айдың өзінде қоғамды дүр сілкіндірген бірнеше оқиға болды. 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова көптеген пышақ жарақатынан қаза тапты. 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адауованы бұрынғы жұбайы өлтірді. Осы орайда қолданыстағы қорғау тетіктері зорлық-зомбылық болғаннан кейін ғана әрекет етпей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесуге қаншалықты мүмкіндік береді деген маңызды сұрақ туындайды. Оған қажетті құқықтық та, цифрлық та мүмкіндіктер бізде бар. Ендігі міндет - сол мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, қауіпті дер кезінде анықтау және адамның өмірі мен қауіпсіздігін қорғау. Мұндай тәжірибе шет мемлекеттерде, соның ішінде Францияда қолданылады. Бұл үшін жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың қажеті жоқ. Қазақстанда профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылаудың қажетті тетіктері қазірдің өзінде бар. Осыған байланысты ұсыныстар: Бірінші. Ішкі істер министрлігі жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу тиіс. Екінші. Қауіп туралы сигнал түскен кезде полицияның нақты не істеуі керектігін белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажет. Үшінші. Әрбір қауіп сигналы және сол бойынша қабылданған шаралар автоматты түрде цифрлық тіркеуге алынуға қажет. Бұл әрбір сигнал бойынша кімнің, қашан және қандай шара қабылдағанын нақты көруге мүмкіндік береді. «Заң мен тәртіп» қағидатын жүзеге асыру үшін қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді пайдаланып, қауіпті жағдайларды дер кезінде анықтап, оның алдын алуымыз керек», – деп мәлімдеді Айжан Аймағанова.

Депутат өз сөзінде ұсынылған жаңа жүйенің бюджетке қосымша салмақ түсірмейтінін және елдегі бар цифрлық ресурстар негізінде «Заң мен тәртіп» қағидатын толық жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар