Қостанай облысында өз жубайына күш көрсетті деген күдікке ілінген шенеунікке қатысты тексеру аяқталып, оқиғаның ақ-қарасы анықталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Еске сала кетейік, бұған дейін бірқатар Telegram-арналарда Қостанай облысы Федоров ауданының прокуроры өз әйелін ұрып-соқты деген күдікпен тексеріліп жатқаны туралы ақпарат желдей ескен болатын. Бұл жайтқа байланысты пікір білдірген облыстық прокуратура өкілдері арнайы қызметтік тексерістің басталғанын растап, бастапқыда істің егжей-тегжейін жариялаудан бас тартқан еді.
Сол кезде құзырлы орган өкілдері істің барысын былайша түсіндіріп, ресми мәлімдеме жасаған болатын:
«Қызметтік тергеу аясында прокурордың әрекетіне тиісті құқықтық баға беріледі. Өзге ақпаратқа қолжетімділік шектелген, сондықтан ол жарияланбайды», – деп мәлімдеген еді Қостанай облысының прокуратурасы.
Арнайы жүргізілген тексеру шаралары толық аяқталғаннан кейін қадағалаушы орган істің түпкілікті нәтижесін хабарлады. Ресми сауалға жауап берген прокуратура қызметкерлері аудан прокурорына қатысты айыптаулардың негізсіз екенін алға тартты.
«Федоров ауданының прокурорына қатысты қызметтік тергеу жүргізілді. Оның нәтижесінде аталған дерек расталмады», – деп жауап берді прокуратурадан.
Осылайша, әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған ақпарат ресми түрде жоққа шығарылып, прокурорға қатысты күдік сейілді.