Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Екі алтын, бір күміс: Пара велоспорттан ұлттық құрама жүлде қоржынын толықтырды

10:32, 21 қазан 2026

Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында пара велоспорт өкілдері ел қоржынына үш бірдей жүлде салып, ерекше нәтиже көрсетті, деп хабарлайды Alash.kz.

Ерлер арасында B класы бойынша 20 шақырымдық жеке уақытқа жарысу сайысында Наиль Ермуханбет пен оның пилоты Руслан Алиев 34 минут 09,17 секунд нәтижесімен бірінші орынды иеленіп, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.

Дәл осы сайыста бақ сынаған тағы бір қазақстандық жұп – Кирилл Илюкевич пен оның пилоты Глеб Брусенский қашықтықты 35 минут 26,64 секундта бағындырып, жарыстың күміс жүлдесін қанжығаларына байлады.

Сондай-ақ әйелдер арасында B класында өткен жеке уақытқа жарысу бәсекесінде қазақстандық А. Калаус пен оның пилоты П. Братчикова қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Отандық экипаж мәре сызығын 32 минут 21,54 секунд көрсеткішпен алғашқы болып қиып, турнирдің кезекті алтынын жеңіп алды.

Бұл сында екінші орынды 32 минут 45,82 секунд нәтижесімен Өзбекстан спортшылары еншілесе, Сингапур өкілдері 34 минут 31,92 секунд көрсеткішпен үздік үштікті түйіндеп, қола жүлдегер атанды.

Осылайша, пара велоспорт шеберлерінің арқасында Қазақстан құрамасы V Азия Пара ойындарындағы жалпы медальдар санын тағы да арттыра түсті.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар