V Азия Пара ойындарының төртінші жарыс күнінде Қазақстан спортшылары жеті медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Alash.kz.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, V Азия Пара ойындарының төртінші жарыс күнінде Қазақстан ұлттық құрама спортшылары пара садақ атудан, пара оқ атудан, пара үстел теннисінен, пара дзюдодан, пара велоспорттан (трек), пара жүзуден, пара пауэрлифтингтен, арбадағы теннистен, пара таеквондодан, боччадан, пара жеңіл атлетикадан сынға түсті. Төртінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы 7 медаль (2 алтын, 1 күміс және 4 қола) жеңіп алды. Осылайша, V Азия Пара ойындарында ел құрамасының жалпы жүлде саны 21 медальға жетті. Оның ішінде 5 алтын, 6 күміс және 10 қола бар.
Бексұлтан Құлмырза пара дзюдодан Азия Пара ойындарының чемпионы атанды
Еліміздің жүлделер қатары пара дзюдодан тағы бір алтын медальмен толықты. J2 класында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде татамиге шыққан Бексұлтан Құлмырза финалдық белдесуде кореялық Ким Донхунды иппонмен жеңіп, Азия Пара ойындарының чемпионы атанды. Сонымен қатар татами шеберлеріміздің төрт өкілі қола медаль үшін белдескен еді. J2 класында 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Даяна Федосова сингапурлық Хун Джоан Хуэй Синді иппонмен жеңіп, қола жүлдегер атанды. J2 класында 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Ғалымжан Смағұлұлы ирандық Реза Голамиді жеңіп, қола медаль еншіледі. Ал Бауыржан Арстанбеков (J1, -81 кг ) Динара Куджулова (J1, - 70 кг), қарсыластарына жол берді.
Диас Кенжебек пара жүзуден Азия рекордын жаңартып, чемпион атанды
V Азия Пара ойындарында қазақстандық пара жүзуші Диас Кенжебек алтын медаль жеңіп алып, Азияның жаңа рекордын орнатты. Ерлер арасында S10 санаты бойынша 100 метрге шалқалап жүзу сайысының финалында Диас Кенжебек 1 минут 1,98 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетті. Осылайша ол Азияның бұған дейінгі 1 минут 3,73 секундтық рекордын жаңартты. Сонымен қатар, Диас Кенжебек пара жүзуден ерлер арасында 200 метрге кешенді жүзу сайысында күміс медаль жеңіп алған еді. Ол финалда 2:21.61 секунд нәтижесін көрсетіп, екінші орынға тұрақтады. Ерлер арасында S6 санатында 100 метрге еркін жүзуден өткен финалдық жарыста Ержан Сәлімгерейев төртінші орынға тұрақтады. Ал Бекасыл Қасымбек сегізінші орын иеленді. Әйелдер арасында S6 санатында 100 метрге еркін жүзуден өткен финалдық жарыста Наталья Звягинцева 1:30.98 секунд нәтижесімен бесінші орынға тұрақтады. Ал Зарина Мурзагалиева 1:36.31 секунд көрсеткішімен алтыншы орын иеленді.
Қазақстан пара үстел теннисінен Азия Пара ойындарының алғашқы медальдарын жеңіп алды
Ұлттық команда өкілдері Ардақ Нұрмағамбетов пен Әли Махулбеков пара үстел теннисінен қола медаль иеленді. Ардақ Нұрмағамбетов Үндістан спортшысы Сандип Дангиді 3:0 есебімен жеңсе, Әли Махулбеков жартылай финалда Чжао Шуайға 0:3 есебімен жол берді. Осылайша, қазақстандық спортшылар пара үстел теннисінен Азия Пара ойындары тарихындағы еліміздің алғашқы медальдарын жеңіп алды.
Пара садақ атудан W1 командасы финалда
W1 категориясы бойынша Нұршат Төлеуқасым мен Темірлан Сейітқамал финалға жолдама алып, алтынға таласпақ. Спортшыларымыз шешуші сайысқа ертең 21-ші қазанда түседі. Сондай-ақ, жарыс нәтижесі бойынша Нұршат Төлеуқасым Оңтүстік Корея спортшысы Хам Тэджинді 7:3 есебімен жеңіп, қола медаль үшін таласқа жолдама алды. Сайыс 22 қазанда өтеді. Ал Кішен Жасұлан индонезиялық Холлидинге (0:6), Маржан Сәбит үндістандық Бхавнаға (0:6), Арлан Атейбеков қытайлық Жанг Юченге (136:149), Жанат Айтимова, Айзада Сейдан сингапурлық Алим Нур Сияхидахқа (139:143), Темірлан Сейітқамал тайландтық Самутчаяхкидж Субхаватқа (4:6) есе жіберді.
Пара таеквондо
Бүгін пара таеквондодан Айбек Жұманғали (- 63 кг), Кәмиля Досмалова (- 57 кг), Дінмұхаммед Асқар (- 70 кг) және Марьям Салимгереева (- 65 кг) жарыс жолына шықты. K44 классында өнер көрсеткен Айбек Жұманғали алғашқы жекпе-жегінде ауғанстандық Мұхаммед Тамам Шарифиден 2:0 есебімен басым түсті. Алайда ширек финалда моңғолиялық Ганбат Болор-Ерденеге (0:2), ал жұбаныш жекпе-жегінде Зухриддин Тохуроқаға (1:2) есе жіберді.