Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2028 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуінде Беларусь командасын жеңіп, маңызды үш ұпайға қол жеткізді, деп хабарлайды Alash.kz.
Екі ел құрамасы арасындағы тартысты бәсеке Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Алтыншы топтың алғашқы матчы өте тартысты өтіп, жанкүйерлер жалпы тоғыз голдың куәсі болды. Қорытынды есепте қазақстандық футзалшылар қарсыласынан 5:4 есебімен басым түсіп, өз алаңында айқын жеңіске жетті.
Ойын барысында Қазақстан құрамасы сапынан бразилиялық текті ойыншы Эдсон ерекше мергендігімен көзге түсті. Ол кездесудің 10, 14 және 28-минуттарында шірене соққы бағыттап, хет-трик авторы атанды. Ал матчтың 9-минутында Альберт Ақбаликов пенальтиді мүлтіксіз орындаса, 34-минутта ұлттық құраманың аңызға айналған қақпашысы Лео Игита қарсыластар қақпасын дәл көздеп, есепті еселей түсті.
Өз кезегінде Беларусь құрамасы да аянып қалмай, соңғы минутқа дейін қарсылық көрсетті. Қонақтар сапынан Сергей Крикун 4 және 40-минуттарда дубль авторы атанса, Максим Батурин 31-минутта, ал Дмитрий Шведко 40-минутта Қазақстан қақпасына гол соқты.
Осылайша, алғашқы турдан кейін үш ұпай еншілеген Қазақстан құрамасы алтыншы топтың турнирлік кестесінде бірінші орынға көтерілді. Бұл топта Қазақстан мен Беларусьтен бөлек Албания құрамасы да бақ сынайды. Іріктеу кезеңінің ережесіне сәйкес, командалар өз арасында үйде және конақта екі реттен кездеседі. Топта топ жарған ұжым әлем чемпионатына іріктеудің элиталық кезеңіне тікелей жолдама алады. Айта кету керек, 2028 жылғы футзалдан әлем чемпионатына УЕФА аймағынан жалпы жеті ұлттық құрама қатысу мүмкіндігіне ие болады.