Шымкент қаласының Күншығыс шағынауданындағы көпқабатты үйде қайғылы оқиға орын алып, салдарынан екі бала ажал құшты. Тағы үш адам ауыр жағдайда емдеу мекемесіне жеткізілді, деп хабарлайды Alash.kz.
Оқыс оқиға бірінші қабаттағы жалдамалы пәтерде болған. Онда екі отбасының мүшелері бірге тұрып келген. Сол күні уланғандардың бірі өзінің туысы әрі құрбысы Ділбарға қоңырау шалып, шұғыл көмекке шақырған. Табалдырықтан аттай сала сұмдық көріністі көрген Ділбар Саидқожаева басынан өткен ауыр сәтті былайша баяндап берді:
«Кірсем, ваннада жатыр, денесі көгеріп кеткен, мұздай, бірден білдім, кетіп қалды. Иіс тиді деп ойламадым, шомылып жатқанда аяғы тайып, басы ұрылып құлап қалды деп ойлағам ғой. Залға кірсем, сіңлім көзі ашық жатыр, бірақ қимылдай алмайды. Есін білмейді. Қасында, сол жағында баласы жатыр, ұйықтап жатыр деп ойладым. Қызы бірақ жылап жатыр, дірілдеп, қалтырап жатты», – деп еске алды жәбірленушінің туысы Ділбар.
Пәтерде болған бес адамның екеуі, яғни 15 жастағы бойжеткен мен төрт жасар бала жедел жәрдем қызметкерлері жеткенше оқиға орнында тіл тартпай кетті. Ауруханаға жеткізілген үш тұрғынның біреуінің жағдайы жақсарған соң үйіне жіберілді. Ал 27 жастағы келіншек пен оның үш жасар қызы дәрігерлердің жіті бақылауында емделіп жатыр. Мамандар анасының жағдайы сәл де болса оңалып, жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылғанын хабарлады. Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова бейбіт тұрғындардың денсаулығына қатысты мынадай ресми ақпарат берді:
«Түскен кездегі диагнозы: көміртегі тотығымен уланудың ауыр дәрежесі. Қабылдау бөліміне қаралмай, бірден жансақтау бөліміне екі науқасты да жатқыздық. Екі науқасқа да толық көлемде медициналық көмек көрсетілуде, олар 1999 жылғы және 2023 жылғы науқастар», – деді бас дәрігер Мәдина Ермаханбетова.
Қазіргі уақытта екі баланың мәйіті шыққан қайғылы пәтер мөрленіп, жабылып тұр. Үйде көгілдір отынға қосылған газ плитасы мен жылыту пеші болған. Тұрғындардың айтуынша, бұл қондырғыларға қатысты бұған дейін де шағымдар болған сияқты. Осы оқиғаға қатысты Нұрсұлу есімді көршісі өз көрген-білгенін төмендегідей жеткізді:
«Газ колонкасынан көміртегі тотығы шыққан, негізі, сөйтіп естідік. Басында балықтан деп еді, балықтан емес, газ колонкасынан, ол ескірген деп естідік. Құбыры үйдің ішінде. Сол істемегендіктен ыс тиген», – деді куәгер Нұрсұлу.
Оқыс жағдайдан кейін бес қабатты үй газдан толық ажыратылып, әр пәтерді тексеру жұмыстары басталды. Газ мамандары бұл баспананың газпен жылытқыш пешке арналмағанын ескертіп, алғашқы тексеруде улы иістің анықталмағанын алға тартып отыр. Сондықтан нақты улану себебін кесіп айту әлі де ерте. Қазіргі таңда полиция аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғап, тиісті сараптамаларды тағайындады. Кінәлі тараптар сот-медициналық қорытындылардан кейін анықталатын болады.